2022 жылы 31 қазанда Парламентаризм институты дөңгелек үстел өткізді, оның барысында ойын бизнесі саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын өзгерту жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары М.К. Төлебаев, ұйымдар: Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, «Қазақстан букмекерлер қауымдастығы» ЗТБ, «Казино операторларының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ, «ҚР Букмекерлік және лотереялық бизнесті өздігімен реттейтін ұйымы» Қауымдастығы» ЗТБ, «Setanta Qazaqstan» ЖШС-нің өкілдері, сондай-ақ басқа да қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар ойын бизнесі саласындағы проблемалық мәселелерді кеңінен талқылады, атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға:
- қатысушыларға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудың тәуекелдері мен зияны туралы міндетті түрде хабардар етуді енгізу,
- ойын мекемелерінде микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың орналасуы мен жұмыс істеуіне тыйым салу,
- букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың жарнамасын орналастыруға және таратуға қойылатын талаптарды қатаңдату,
- мерзімі өткен берешегі бар адамдарға құмар ойындарға және бәс тігуге тыйым салуды енгізу және т.б. мәселелер бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.
Ойын бизнесі мәселелері бойынша ұсыныстарды талқылау жалғасуда. Келесі дөңгелек үстел 3-қарашада «AMANAT» партиясының орталық аппаратында ҚР Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдардың, «AMANAT» партиясының жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өңірлік өкілдерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтеді.
P/S Құрметті достар! Ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарыңызды instparlam@umto.kz электрондық мекенжайына: сондай-ақ Парламентаризм институтының instparlam.umto.kz ресми сайтындағы «Заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар» бөліміне жібере аласыздар.