Басты бетИнститут туралы мәліметтер

Институт туралы мәліметтер

2020 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР ПІБ жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасына қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Парламентаризм институты» құрылды. Институттың басты міндеті – қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға және тиімді заң шығару қызметін дамытуға жәрдемдесу.

Институт депутаттарға заң шығару бастамасын іске асыруда ғылыми және сараптамалық қолдау көрсетеді: заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігін негіздеуден бастап, заң жобаларын әзірлеу, олардың ықтимал салдарын бағалау және балама шешімдер ұсынуға дейінгі барлық кезеңдер қамтылады. Жұмыс депутаттық корпуспен тығыз байланыста жүзеге асырылады, бұл үкіметтік нұсқалардан өзгеше баламаларды қоса алғанда, заң жобаларын тереңірек талқылауға мүмкіндік береді.

Институтты құру ауқымды саяси өзгерістер аясында ерекше өзектілікке ие болды. Конституциялық реформалар мен Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту жағдайында заң шығару тиімділігі мемлекеттік басқару жүйесінің дамуының негізгі көрсеткішіне айналды.

Бүгінгі күнде Институт өз жұмысын жаңа жағдайларға бейімдеп келеді: ұйымдық құрылым жаңартылып, ғылыми-талдамалық әлеует арттырылды, заң шығару саласында тәжірибесі бар мамандарға толықты. Сарапшылармен, ғылыми орта өкілдерімен, бизнес пен салалық ұйымдармен ынтымақтастық дамып келеді.

2023 жылғы шілдеде өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Тоқаев мемлекеттік саясатты сапалы сараптамалық қолдаудың және шешім қабылдау кезінде қоғам пікірін ескерудің маңызын атап өтті. Бұл қағидат заң шығару саласына да толықтай қатысты екені айқын.

Бүгінде Парламентаризм институты Парламент пен сараптамалық қауымдастық арасындағы байланыстырушы буын ретінде жұмыс істейді, жаңа заңнамалық бастамалардың ғылыми негізділігі мен практикалық маңыздылығын қамтамасыз етеді.

Институттың миссиясы – Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілдік және заң шығарушы рөлін нығайту арқылы парламентаризмді дамытуға ықпал ету.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының «Парламентаризм институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жарғысы