Басты бетҚҰҚЫҚТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ – ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДАН АРТТА ҚАЛМАУҒА ТИІС

ҚҰҚЫҚТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ – ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДАН АРТТА ҚАЛМАУҒА ТИІС

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында Парламент жанынан заң сапасын арттыруға ықпал ететін тиісті құрылым құруды тапсырған еді. Қазақстанда Парламентаризмді дамыту институтын құрудың өзектілігі, проблемалары мен перспективалары, қоғамның саяси жүйесін демократияландыру және жаңғырту мәселелері көп жылдар бойы өзекті болып келгені жасырын емес. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Парламентаризм институты құрылды. Парламентаризм институты деп аталған жаңа құрылым қызметінің негізгі ­нысанасы – заңнаманың тиімділігін (нормативтік құқықтық актілерді талдау) арттыру, Қазақстан заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу, елдегі парламентаризмді дамыту. 
Аталған мекеме директоры Мансұрхан Махамбетұлымен сұхбатта институт жұмысының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы толық әңгімеленеді.

– Парламентаризм институты былтыр құрылды дегенмен де, нақты іс-шаралар биылғы ақпан айынан басталып жатыр ғой. Әңгімені осыдан бастасақ. Дәл қазіргі уақытта қандай іс-шараларды қолға алдыңыздар?

– Оныңыз рас, Үкімет қаулысы 2020 жылдың желтоқсан айында шықты. Бірақ мекеме ретінде 15 ақпанда тіркеуден өтіп, жарлығымызды бекіттік. Сондықтан негізгі жұмысымызды енді-енді қолға алып жатырмыз. Институттың негізгі міндеті – Қазақстанда парламентаризмді дамытуға, Парламентте қабылданатын заңдардың тиімділігін, сапасын арттыруға қатысты келелі жұмыс жүргізу. Осы жұмыс барысында қазақстандық барлық ­саяси партия­лармен, Парламенттің қос ­палатасымен, Үкіметпен тығыз қарым-қатынас орнатып, маңызды мәселелерді бірге талқылайтын боламыз. Ал дәл қазір кадрларды жасақтау кезеңіндеміз. Себебі біздің жұмысымыз білікті, білімді, тәжірибелі маманды қажет етеді.

Наурыз айында екі дөңгелек үстел өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Дөңгелек үстел тақырыбын, форматын анықтап, арнайы талдау-сараптамалық жұмыстарын бастадық. Осы дөңгелек үстел біздің бұдан кейінгі жұмысымызға, түрлі мемлекеттік құрылымдармен бірлесе жүріп атқаратын маңызды істерге жол ашып, дәл қазіргі уақытта Парламентаризм институтына қажетті ақпараттармен, мәліметтермен, сыни талдау жұмыстарымен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, еліміздің әр өңірлеріне де бірқатар іссапарлар жоспарладық. Әр облыстың проблемасын анықтап, жергілікті билік өкілдері, жергілікті саяси партия өкілдіктері, қоғамдық ұйымдармен бірге отырып талқылап, түрлі заңдардың тиімділігін анықтап, туындаған проблемаларды шешу жолын қарастыруымыз керек. Сол арқылы арнайы талдау және зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Біз кезіккен проблемалар қандай да бір заң аясына келіп тірелсе, заңның тиімділігін арттыруға, заңды жетілдіруге қатысты жұмысты қолға аламыз. Ол үшін, тағы да қайталап айтамын, ең әуелі халықпен, қоғаммен, мемлекеттік құрылымдармен, саяси және үкіметтік емес ұйымдармен тікелей әрі қоян-қолтық араласа жүріп жұмыс жүргізген дұрыс.

– Сөзіңіздің барысында кадр таңдау мәселесін айтып қалдыңыз ғой. Парламентаризм институтының сарапшы маманына қандай талап қойылады?

– Ең басты талап, сөзімнің басында айтып өткенімдей, білікті, білімді, тәжірибелі маман болуы шарт. Дәл қазіргі уақытта Әділет министрлігіндегі ­институттан бірлі-жарым қызметкерлерді жұмысқа алдық. Кейбір кадрларымызға сынақ мерзімін қойдық. Себебі жастардың біліктілігін арттыру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық қарым-қатынастың сапасын арттыру, заңнаманың тиімділігін талдау­ды жетілдіру сияқты бірқатар маңызды мәселелерді шешу үшін осы мекеме құрылып отыр. Демек, бізге жұмысқа қабылданатын маман өте жауапты және талапшыл, сонымен бірге қоғаммен, халықпен конструктивті қарым-қатынас орната алуы керек. Қазір қоғамда, халық арасында «заң тұрақсыз» деген түрлі пікір қалыптасып отырғаны, өкінішке қарай, жасырын емес. Демек, біздің институт және институт мамандары мемлекеттегі заңдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін еңбек етеді.

– Парламент қабылдаған заңна­маның тиімділігін талдау мәселесін нақты қай заңнан, қандай тәртіппен бастамақсыздар?

– Әзірге пилоттық 3 заң жобасын дайындап отырмыз. Бұл жобалар алдымен Парламент депутаттарының қарауына ұсынылады, олардан қолдау тапса, әрі қарай өз кезегімен талдауға жіберіледі.

Жасыратыны жоқ, кейбір заңдар көбінесе ведомстволық мүддені қорғап кетеді. Оның салдары неге апарады? Оның салдары келесі жақтың наразылығын тудырып, арыз-шағымды көбейтеді. Міне, осы наразылықтарды азайтуға күш салмақпыз. Біздің нақты мақсатымыз Конституцияда қандай құндылықтар көрсетілген, сол құндылықтардың барлығы әр санатқа сәйкес, өзінің нысанына байланысты мем­лекет мүддесін көздейтін болуы керек. Мемлекет мүддесін көздегенде ғана тұрақ­тылық пен сапаға қол жеткізуге болады.

Мысалы, сот орындаушысы мәр­тебесіне арналған заң бар. Азаматтардан осы заңға қатысты, әсіресе әлеуметтік желі арқылы шағым көптеп түседі. Борышкерлердің де құқықтары қорғалуға тиіс осы заңда жеке сот орындаушысының мүддесі көбірек көзделіп, ал борышкерлер үшін тиімсіз тұстары баршылық екен. Сонымен қатар аталған заңда жеке сот орындаушысы қызметін шектен тыс пайдалануға мүмкіндік беретін нормалар да кездеседі. Мысалы, борышкер шамасы келмегендіктен, қарызын бір жылдан кейін ғана төлеген жағдайда жеке сот орындаушысы қылмысын қысқартып бергенімен, қамаудағы мүлкін борышкер бірден ала алмайды. Ал жеке сот орындаушысы оның қамаудағы мүлкін толық босатып беруге міндетті болуы керек. Ол үшін осыған сәйкес норма енгізу қажет. Қазір борышкер қарызын төлеп болған соң қамаудағы мүлкін алу үшін 5-6 сот орындау­шыны іздеп, сергелдеңге түседі. Жеке сот орындаушысы – мемлекеттік функцияны атқарушы қызметкер. Борышкер қарызын өтеді ме, ақысын төледі ме – ары қарай бос сандалмауы, көрінген есіктерді қақпауы керек. Борышкердің де жеке құқықтары бар, ол да дер кезінде түсіндірілмейді. Міне, осындай мәселелерді қарастырып, нормаларға өзгеріс енгізіп, ашықтықтың сақталуын, тәртіптің қадағалануын, екі тарапқа да қатысты міндеттер мен құқықтық жауапкершіліктің анық көрсетілуін айқындамақпыз.

– Ал осы кезге дейін бұл функцияны кім атқарып келді?

– Осы кезге дейін бұл функцияны Парламент атқарып келді. Осы қызметтің бір бөлігі заңды әзірлеуші органдардың, мысалы, Үкіметтің де құзырында болды.

Бүгінгі таңда бұл функцияны институт та атқарады және институт қызметкерлері олқылықтарды, коллизиялар мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын нормаларды анықтайды, заң жобасының тұжырымдамасы мен мәтінін әзірлеу мақсатында ұлттық заңнаманы талдауды, зерттеуді жүзеге асырады.

– Парламентаризм институтының атқарар ерекше жұмысы қайдан байқалады?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауының барлық тапсырмалары біздің жұмыста басымдыққа ие болады. Президенттің Жолдауында заңнамалық актілерге, заңдарға қатысты біршама тапсырма берілген, сол тапсырмалардың ­сапалы орындалуына басым бағыт береміз. Екіншіден, мекеме жарғысына сәйкес қабылданған, қазір қолданылып жүрген заңдардың құқықтық мониторингін жасаймыз, мұның өзі ­жауапты әрі өте ауқымды жұмыс. Себебі қандай да бір заңның кедір-бұдыр тұсын бірден біле алмайсың. Оның қолданылу аясын, практикалық жағдайын сын елегінен өткізіп көру қажет. Заң жобасы мемлекеттік, өкілеттік орган немесе ведомстволық органның қолданысында болады ғой, міне, біз сол құрылымдардың жұмысын да талдаймыз. Осы жұмысты атқару барысында азаматтардан қанша арыз-шағым түсті, ол өтініштердің түсу тенденциясы қалай, арыз-шағымның басым көпшілігінің себеп-салдары не – ауқымды түрде талдап барып, сосын заң шеңберінде саралаймыз. Қандай заңның да өз нысаны, қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін функциясы бар. Ол нысан мен функцияны біржақты емес, мемлекеттік мүдде тұрғысынан таразылау керек. Біз мемлекеттік мүддені, тыныштықты, қоғамдық реттілікті бақылаймыз.

– Сіз де Парламент депутаты болдыңыз ғой, заң қабылдау, оның тиімділігін талдау жұмыстарынан хабардарсыз. Жұмысты оңтайландыру туралы нақты бір іс-шаралар қабылданғанда, өзіңіздің тәжірибеңізді де назарға алдыңыз ба?

– Әрине, мен 5 жыл Парламентте, VI шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болдым. Заң шығару, талдау процестерінің қалай жүретінін жеке тәжірибемнен жақсы білемін. Бұдан былай Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қандай қарым-қатынас орнатамыз, күнделікті жұмыс аясында қандай байланыс жасаймыз – осы мәселелер жөнінде арнайы ұсыныс әзірлеп қойдық. Бұл институт Пар­ламент жанынан құрылған құрылым болғандықтан, Регламентке қатысты да біршама ұсыныстарымыз бар. Парламентаризм институтында қоғам, халық, саяси партиялар, үкіметтік және үкіметтік емес түрлі ұйымдар өз дауысын, ойы мен пікірін білдіреді. Сонда ғана Заң ­жобасы жан-жақты, толық талқыланады, талданады, сараптамалық зерттеулер жүргізіледі. Осындай күрделі жұмыстардан соң ғана барып заң сапасы артады, заң тұрақтылығы орнығады.

– Қазір Парламентте талқыланып жатқан заңдарды сіздер өздеріңізге алдыртып, сараптама жасай аласыздар ма?

– Бүгінгі таңда Парламентаризм институтының алдында маңызды міндеттер тұр, олар – сапалы заңдар әзірлеуге және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Ол жұмыс, заңдардың тиімділігін талқылауда туындаған өзекті мәселелер түрлі ұйымдар мен сарапшылардың белсенді қатысуымен талқылануға тиіс. Институтқа қабылданатын заңдардың тағдырын болжау, оның қолданылу саласындағы жағдайды модельдеу, елдегі өзгерістердің ағымдағы және болашақ кезеңі үшін өзекті болатын құқықтық нормаларды әзірлеу қажет. Құқықтық саясатты дамытудың ­заманауи шарттары осындай.

– Сенатор Дана Нұржігіт: «Парламентте қабылданған заң халыққа дұрыс түсіндірілмейді» дегенге саятын пікір айтты. Заңның тиімділігін талқылау басқа жұмыс, түсіндіру бөлек жұмыс. Түсіндіру қызметі сіздердің құзыреттілігіңізге кіре ме?

– Заңның түсіндірме жұмысы біздің құзыретімізге кірмейді. Жалпы проблема ретінде айтсақ, әрине, түсіндірме жұмыстарында үлкен кемшілік бар дей алмаймын. Кейбір жекеленген заңдарда, мен өзімнің жеке тәжірибемнен айтып отырмын, сол заңның ішіндегі нормаларда қарама-қайшылық кездесіп қалатыны рас. Ол қайшылық заңнаманы түсіндіру жұмысында емес, практикада байқалады. Мәжілісте талқылаған кезде ол проблеманы көру өте қиын. Бұл мәселе қандай да бір заңды қолданушылардың құқықтарына келгенде айқын көрінеді. Мұндағы кереғарлық Конституцияға байланысты емес, салалық заңдардың кейбір нормаларының бір-біріне қарама-қайшылығы дер едім. Мұны «пробел» деп жатамыз. Яғни жеткіліксіз норма. Ал жеткіліксіз нормаларды қарастыру, ол олқылықтардың орнын толтыру, тағы да қайталап айтайын, Парламентаризм ­институтына артылған міндеттердің бірі.

– Практикалық тұрғыда қандай да бір заңның кемшілігі табылды делік, сол кезде не істейсіздер?

– Құқықтық мониторинг, әлеуметтік сауалнама жүргіземіз, талдау жасаймыз, заңдарды зерделейміз. Біздің ­басты бағытымыз қолданыс барысындағы заңдардың тиімділігінде коллезия немесе пробелдар, яғни қарама-қайшылықтар кездессе, оны ғылыми түрде сараптап, негіздеп, депутаттарға дұрыс ­жобаны әзірлеп, таныстырамыз, жан-жақты талқылаймыз. Депутаттармен бірге қолданыс аясындағы кейбір тиімсіз ­нормаларды реттейміз.

– Бізде көптеген заң жобасы әуелі орыс тілінде жазылып, сосын қазақшаға аударылатыны, өкінішке қарай, рас. Осы аударма мәселесінде терминдердің мағынасы ауысып, не болмаса сәйкес емес ұғымдар қолданылып кету қаупі бар ғой?

– Әрине, оны жоққа шығара алмаймын. Көп кездеспесе де, бірен-саран ондай қателіктер кетуі мүмкін. Себебі заңдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасында аудармадан кемшіліктер кететіні рас. Ол кемшіліктерді табу, қарастыру, талдау мен сараптау да біздің міндетімізге кіреді. Ендігіде заңның тиімділігін анықтаудағы нормаларды мейлінше мемлекеттік тілде жасауға міндеттіміз. Әрине, бастапқыда қиынға соғар. Себебі маман жеткіліксіз. Қолдан келгенше тиімділігі анықталатын заң жобасының басым көпшілігін қазақша жасауға тырысамыз.

– Мұның барлығы біздің құқықтық мемлекет құруға деген үлкен талпынысымыздың бір бөлігі ғой. Құқықтық мемлекет дегенде ойға келетіні құқықтық сауаттылық. Жалпы құқықтық сауаттылықтың кемшіндігінен қандай да бір заңның тиімді немесе тиімсіз жағын таразылаудың өзі қиын секілді. Сіздің ойыңыз қандай?

– Бұл өте ауқымды тақырып. Конституциямызда әркім өзіне тегін құқықтық көмек ала алатыны жазылған. Адам ұдайы білімін арттырып жүруі де керек қой. Қазір технология заманы. Барлығын білмесең де, жалпы хабардар болып жүру өте маңызды. Біздің басым бағытымыз – заң жобасының сапасын арттыру, жетілдіру, заңның тиімділігін қадағалау. Сапаны жетілдіргенде ғана тұрақтылықты қамтамасыз етеміз, қоғамдық келісім орнатамыз. Одан бөлек, партиялар кеңесі бар. Олардың да пікірін, ойын біліп отырамыз. Партиялар кеңесі, депутаттар, қоғамдық, мемлекеттік, өкіметтік емес ұйымдар да нақты бір заңдарға қатысты ой-пікірін білдіре алады. Осындай жан-жақты талқылау барысында құқықтық сауаттылық мәселесі де оңтайлы шешіледі деп ойлаймын.

Жалпы қоғамдық даму қарқынының жеделдеуі байқалып отырған қазіргі заманғы жағдайларда құқықтық шығар­машылық – қоғамдық дамудың объективті қажет­тіліктерінен артта қалмауға тиіс, өйткені бұл елдің әлеуметтік-эконо­микалық, қоғамдық-саяси және мем­лекеттік-құқықтық дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Мұндай артта қалу проблемасын құқық шығармашылығы саясатын жаңғырту арқылы шешуге болады.

– Қоғаммен байланыс орнатуда әлеуметтік желіден басқа қандай жолдарды назарға алып отырсыздар? Жалпы түрлі ұсыныстардан қағаз астында қаламыз деп қауіптенбейсіздер ме?

– Көп болса да, жұмыстан бас тартпаймыз. Мәселе жұмысты оңтайлы ұйымдастыруға да, кадрға да байланысты ғой. Құжатпен, қағазбен жұмыс істейтінін толық біліп, түсінетін мамандар бізге жұмысқа келеді деп ойлаймын. Біз бөліп-жармай барлық мемлекеттік мекемелермен, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен, барлық саяси партиялардың өкілдерімен жұмыс жүргіземіз. Яғни заңның тиімділігін бағалауда әлеуметтік желімен ғана жұмыс істеуге болмайды. Нақты қоғам өкілдері, нақты халық топтары, нақты мысалдар мен жеке тәжірибелердің барлығын ауқымды түрде саралап, сараптап отырамыз.

– Заңнаманың тиімділігін арттыру жұмысында шетел тәжірибесін қарастырасыздар ғой?

– Әрине, шетел тәжірибесін зерде­лейміз. Алайда оны толық көшіріп алмаймыз. Біз қандай да бір заңдардың тиімділігін ұлттық болмысымыздың шең­берінде зерделейміз. Қазақстанды тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосып, өсіп-өркендеткен құндылықтарды жойып алмауымызды мұқият қарастырамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ 

 

Дереккөз: anatili.kazgazeta.k