Отыз жылдан бері егеменді елге айналған Қазақстан қаншама қиындыққа жолықса да, тастай берік төзімділігі арқылы жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Осы жылдар ішінде еліміз сан белестен өтіп, талай жетістікке қол жеткізді.
Алайда елімізде көптеген салада Кеңес өкіметі дәуірінде қалыптасып, осы уақытқа дейін сақталып қалған ескі стандарттар қолданылып жүргенін мойындау керек. Ал әлемде соңғы кезде болып жатқан күрделі сын-қатерлі оқиғалар мен дағдарыстар бізден оларды шешудің оңтайлы әрі тиімді жолдарын қарастыруды талап етеді. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халқымыздың төл мәдениетінің дамуына және басқа да салаларға (әскери, білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, сот жүйесі және т.б.) өзіміздің ұлттық болмысымыз бен құндылығымызға басымдық бере отырып, өркениетті озық елдердің халықаралық тәжірибесін ескеріп, жаңа стандарттарымызды әзірлеген дұрыс деп пайымдаймыз. Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның геосаяси жағдайында егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалудың бірден-бір жолы осы. Мысалы, бір ғана әскери саланы алатын болсақ, мұнда қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың қарым-қатынастарын, ондағы жеке құрамды тәрбиелеу мен оқыту әдістерін, ішкі тәртіпті регламенттейтін, сарбаздардың ұрыстағы іс-әрекеттері, командирлердің әскерлерді басқару тәсілдері мен міндеттері көзделетін әскери жарғылардың басым көпшілігі сол баяғы Кеңес дәуірінен қалып қойған. Кеңес Одағы ыдырап, өз егемендігін алған елдердің барлығында осындай жағдай сақталып отыр, оның ішінде Ресей Федерациясы да бар.
Осы орайда атап айту керек, қазіргі кезде Әзербайжан сияқты елдер өздерінің мемлекеттік стандарттарын жасауда. Біз жоғарыда аталған елдермен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүшеміз. Дегенмен әлемдік жаһандану үрдісін, әсіресе соңғы кезде болып жатқан геосаяси жағдайларды ескеретін болсақ, онда біздің ешкімге ұқсамайтын төл мемлекеттік стандарттарымыз болғаны абзал. Өзге елдің стандартына ұқсас, мағыналас стандарт мемлекетіміздің болашағы мен ұлттық қауіпсіздігіне өте қауіпті. Себебі бөтен елдің ықпалындағы стандарт сарбаздарымыздан бастап, жоғары лауазымды офицерлерге дейін олардың ойлау жүйесіне, психологиясына теріс әсер етуі мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, сананың улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», деп атап көрсетті.
Жақында Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда да осы мәселелер кеңінен талқыланып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің маңыздылығы айшықталып, қажет болған жағдайда тиісті заң жобасы әзірленетіні де аталып өтті. Біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, даму тарихымызды негізге ала отырып, бүгінгі өмірімізде қолдануға лайықты жаңаша көзқараспен әзірленген әрі заңды түрде бекітілген стандарттар қалыптастыруға жете назар аударуға тиіспіз деп ойлаймыз.
Мансұрхан МАХАМБЕТОВ,
Парламентаризм институтының директоры
Дереккөз: egemen.k