Басты бетЗАҢНАМАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

ЗАҢНАМАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

Мемлекеттік тіл аясын кеңейтуде заңнаманың түпнұсқалығына қатысты шешілмей жүрген бірқатар мәселелер бар. Солар туралы аз-кем сөз қозғасақ. Қазақ жері саяси тұрақтылық пен азаматтық қоғам қалыптастыру жолында бірізді саясат ұстанып отырған бірден-бір мемлекет. Қазіргі таңда ұлттық жаңару мен қайта түлеудің маңызы зор.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мемлекеттік тілге қатысты «Тілді ойлау – болашақ ұлтты ойлау» деген пікірін білдірді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ» деген екен.

Ата Заңымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген. Алайда тілдің қолданылу жағдайының мәселесі әлі де болса өз мәресіне жете алмай отыр. Оған бірден-бір себеп, заң шығару барысында аударма мәселесі туралы сан алуан ғылыми тұжырымдар, қоғамдық пікірлер және терминдер, заңнамалардағы терминдер біріздендірілмеді.

Қандай кодексті алып қарасаңыз да қазақ тіліндегі нұсқасын орыс тілінде оқып барып, қарамаса түсініксіз. Қазіргі күнге дейін заң жобалары бірінші орыс тілінде жазылып, орыс тіліндегі нұсқасы ғана талқыға салынады.

Қазақ тіліндегі нұсқасы талқыға түспестен аудармаға беріледі. Оның салдарынан асығыс, тікелей, сапасыз аударылған қазақ тіліндегі заңдар сын көтермейді, әрі тәжірибеге еніп кетті.

Аударманы жеделдету барысында нормалардағы сөздердің мазмұны өзгеріп кету мысалдары да кездеседі.

Заң аудармаға берілген жағдайда қазақ тілінің майын тамызатын, заңның табиғатын түсінетін білікті заңгер мамандардың аударуымен және басқа да тіл мамандарының жан-жақты сараптама жүргізумен жүзеге асырылуы керек.

Түсініксіз, мазмұны анық емес немесе бекітілмеген терминдер, ұғымдар мен тұжырымдар құқық қолдану тәжірибесінде бұрмалауға әкеледі. Алайда аудармамен алысқа бармайтынымыз анық.

Мәселен, қазақ тілі нұсқасындағы заңдар, кодекстер және өзге де нормативтік құқықтық актілердің кейбір нормаларының мазмұнын оқысаң, қарапайым халық түгілі заңгерлердің өзі мәнін түсінбей орыс тіліндегі редакциясын оқып барып ұғынатыны қынжылтады. Қазақ тілінде мектеп бітіріп, тілді жетік білетін адамның өзіне де өте қолайсыз. Ал бұл жағдайлардың барлығы өз кезегінде мемлекеттік тілдің аясын тарылтып, оның өсіп-өркендеуіне кедергі. Мәселен, қылмыстық процестік кодексте тоқтату, тоқтата тұру сөздерінің норма мәтінінің мағынасына қарай қолданылуында қиындық тудырады. Қылмыстық істі тоқтату (прекращение уголовного дела) мен қылмыстық істі тоқтата тұру (приостановление уголовного дела) мағынасы жағынан ұқсас ұғымдар. Ал қылмыстық процесте екеуі екі түрлі бір-біріне қатысы жоқ процесуалдық шешім. Қылмыстық іс жүргізуді тоқтата тұру – қылмыстық істің дұрыс жолмен тергеліп және шешілуіне кедергі жасайтын объективті жағдайлардың пайда болуына байланысты қылмыстық процесті аяқтауға мүмкіндік бермейтін бірқатар жағдайлар деп түсіндірілсе, яғни уақытша қабылданған шешім болса, ал тоқтату – анықтау органының, тергеушінің, прокурордың не соттың іс бойынша процесс қызметін аяқтау туралы, яғни түпкілікті шешімі. Яғни қылмыстық іс жүргізуді тоқтата тұру белгілі себептерге байланысты уақытша тоқтатылу болса, тоқтату нақты органның іс бойынша істі аяқтауын немесе жабуын білдіреді. Сондықтан «қылмыстық істі жабу» деп алсақ мағынасы жағынан түсінікті болар еді. ҚР ҚПК-нің 35-бабы 4-тармағында «Қылмыстық істі тоқтату сонымен бір мезгілде қылмыстық қудалауды тоқтатуға әкеп соғады» (Прекращение уголовного дела влечет за собой одновременно прекращение уголовного ­преследования.) деп көрсетілген. Менің ойымша «Қылмыстық істі жабу бір мезгілде қылмыстық қудалауды да тоқтатуға әкеледі» деп аударса дұрысырақ болар. ҚР ҚПК-нің 45-баптың 6-тармағында «Тоқтатыла тұрған iс, егер iс бойынша ескiру мерзiмiнің өтуін үзу туралы мәлiметтер болмаса, қылмыстық заңда белгiленген ескiру мерзiмiнiң аяқталуы бойынша тоқтатылуға жатады» (Приостановленное дело подлежит прекращению по истечении сроков давности, установленных уголовным законом, если по делу нет сведений о прерывании течения срока давности.) деп жазылған. Бұны былай мазмұндап аударған дұрыс: «Тоқтатыла тұрған iс, егер iс бойынша ескiру мерзiмiнің өтуін үзу туралы мәлiметтер болмаса, қылмыстық заңда белгiленген ескiру мерзiмiнiң аяқталуына байланысты жабылуға жатады».

Қылмыстық кодекстің кей нормаларының түпнұсқалығында да бұрмалаулар кездеседі. Бірнеше баптарды талдау барысында мынадай кемшіліктер көруге болады. ҚК-тің 50-бабының 4-тармағының орыс тіліндегі нұсқасында  «При назначении этого наказания в качестве дополнительного к лишению свободы, аресту оно распространяется на все время отбывания основного наказания, но при этом его срок исчисляется с момента отбытия лишения свободы, ареста» деп жазылған. Ал қазақ тіліндегі нұсқасында «Бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде осы жазаны тағайындау кезінде, ол негiзгi жазаны өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бiрақ бұл ретте оның мерзiмi бас бостандығынан айыру, қамаққа алу өтелген кезден бастап есептеледi» деп жазылған. Мәселе бас бостандығынан айыруды өтегеннен және қамаққа алу өтелгеннен кейін есептелетінін көрсетіп, мағынасын бұрмалап жіберген. Сол себепті, «қамауға алу, бас бостандығынан айыру қосымша жаза ретінде осы жазаны тағайындау кезінде, ол негізгі жазаны өтеудің барлық уақытына қолданылады, бірақ оның мерзімі бас бостандығынан айыру кезінде қамауға алу өтелген сәтінен бастап есептеледі» деп жазған дұрыс болар еді.

Бұл қозғалып отырған кемшіліктер заңнамадағы қазақ тіліндегі түпнұсқалығы мәселесінің бер жағы ғана. Іздей берсең шыға беретін осындай олқылықтардың алдын алу үшін нормативтік құқықтық актінің мәтінін қазақ тілінде дайындасақ жөн болар еді. Мағынасы орыс тілінен қазақ тіліне, сондай-ақ қазақ тілінен орыс тіліне аудармасы дәл, әртүрлі түсіндірілмеуі тиіс, өйткені олардың бірдей заңдық күші бар. Сондықтан осы ұсынылған жайттарды бірге қолға алсақ, мұндай заң тіліндегі сәйкессіздіктерге орын берілмес деген ойдамын. Қазіргі күні Парламентаризм институты мемлекеттік тілдегі заңнама тұпнұсқалығының ахуалына назар аударып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұсыныс беретін азаматтарға алдын ала ризашылығымызды білдіреміз.

Мансұрхан МАХАМБЕТҰЛЫ,

Парламентаризм институтының

Директоры

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz