Парламентаризм институтының басшылығы Парламент Сенаты ұйымдастырған "Депутаттардың заң шығару бастамасы" тренингіне қатысты
Сенаторлар алдында Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Парламентаризм институтының норма шығару жұмысы басқармасының Атқарушы директоры Алмас Қанатов, Парламентаризм институтының жеке құқық орталығының басшысы Меруерт Қабылбаева сөз сөйледі.
Заң жобаларын дайындау кезінде, әдетте, ғылыми-зерттеу және басқа ұйымдар, ғылымның тиісті салаларының өкілдері, әртүрлі білім салаларының мамандары мен сарапшылары тартылады.
Институт дайындаған презентациялар тренингке қатысушыларға заңнамалық үдеріс туралы толық ақпарат және ұсыныстарды тұжырымдау қағидаларын ұсынды. Заңнамалық актіні бастау, әзірлеу, талқылау, қабылдау және мақұлдау процесі егжей-тегжейлі қарастырылды.
Өз кезегінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде құрылған ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты депутаттардың заң шығару бастамасы құқығын іске асыруына жәрдемдеседі. Осылайша, Қазақстан Республикасы Парламенті қызметінің тиімділігін күшейтуге жұмыс істейді.