ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының атқарушы директоры Жанар Төлендинова «ЖАҢА РЕСПУБЛИКА – ҚР-дағы саяси трансформация және конституциялық реформалар. Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының парламентаралық өзара іс-қимылының перспективалары» атты Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі мен Пәкістан парламенттік қызметтер институты ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин, Пәкістан парламенттік қызметтер институтының атқарушы директоры Мұхамад Анвар, қазақстандық және пәкістандық талдау құрылымдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы саяси және конституциялық қайта құру үдерісіндегі ҚР Парламентінің орны мен рөлін, 2023 жылғы наурыздағы Қазақстандағы парламенттік сайлауды саяси қайта құрудың жаңа кезеңі ретінде талқылады, жаңадан сайланған Парламенттің қызметін, саяси реформалардың іске асырылуын және одан әрі перспективаларын талдады.
«Жаңа жағдайда Парламенттің қызметі қайта форматталады. Депутаттар жұмысының тиімділігінің басты өлшемі-өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған заңдарға бастамашылық жасау, әзірлеу және қабылдау. Осыған байланысты ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты да өз қызметінің мақсаттары мен міндеттерін, жұмыстағы қағидаттар мен тәсілдерді қайта қарайды. Институт қызметіндегі басымдық депутаттарға олардың заңнамалық бастамаларын іске асыруға, заң жобаларын сараптауға, қолданыстағы заңнаманың тиімділігін талдауға жәрдемдесу болып табылады», - деді дөңгелек үстел барысында Ж.Төлендинова.
Дөңгелек үстелдің күн тәртібіне сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасында алдағы парламенттік сайлау, сондай-ақ парламентаралық диалог мәселелері және екіжақты және көпжақты форматтағы ҚР және ПИР заңнамалық органдарының өзара іс-қимыл перспективалары шығарылды.
Айта кету керек, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты мен Пәкістан парламенттік қызметтер Институты арасында өткен жылдың мамыр айында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум шеңберінде парламенттік дәстүрлерді нығайту және екі ел парламенттерінің үздік тәжірибелерін зерделеу мақсатында үш жыл бойы ынтымақтастық пен бірлескен жұмыс көзделеді.