ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты мен Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті «Салық саясатының өзекті мәселелері және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бүгінгі таңда салық саясатын жетілдіру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді қысқарту – өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының атқарушы директоры Дәурен Әділбеков талқылау барысында ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салықтық жеңілдіктердің, субсидиялардың, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау мәселелерін көтерді. Ол сондай-ақ мемлекеттің шығыстары мен кірістерінің тиімділігін бағалау әдістемесін жетілдіру қажеттілігіне назар аударды.
Бұдан басқа, Д. Әділбеков жоспарлау сатысында бюджеттің кіріс бөлігіне аудит жүргізу қажеттілігі, алдыңғы жылдардағы шығындарды ауыстыру және мемлекеттік қолдау алатын екінші деңгейдегі банктердің дивиденттік саясаты мәселелерін көтерді.
Институттың ұсыныстары ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің ұсынымдарына енгізіліп, Үкіметке жіберілетін болады.