ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының басшылығы Палатаның вице-спикері Жақып Асановтың төрағалығымен өткен Сенаттың жобалық офисініңотырысына қатысты.
Отырыстың күн тәртібіне Сенат депутаттары бастамашылық еткен спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары қарауға шығарылды.
Жобалық офистің сенатор-мүшелері Парламентаризм институтының сот реформасын әзірлеудегі белсенді рөлін атап өтті. Жобалық офистің аясында сот реформасы бойынша жұмыс тобының 20 отырысы өтіп, сарапшылық қауымдастығынан 150-ден аса ұсыныс түскенін атап өту керек.
Сондай-ақ, ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов заң шығару процесінде әзірлеуге және енгізуге Институт ұсынатын ғылыми тақырыптар туралы ақпаратпен сөз сөйледі.
Атап айтқанда, шет елдердің заң шығару қызметінде пайдаланылатын заманауи құқықтық технологияларды зерделеу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін, сондай-ақ норма шығару қызметіндегі пилоттық заң жобаларының математикалық модельдерін зерттеу туралы сөз болды.
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының қызметі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды қамтамасыз ету мақсатында заң шығару процесін жетілдіруге бағытталған.