28 шілдесінде ҚР ПІБ МТҚБ жанындағы Парламентаризм институтында қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамаларын оңтайландыру мәселелерін сараптамалық талқылау өтті. Талқылауға кәсіби заң қауымдастығының өкілдері қатысты.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне ревизия жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес әзірленді.
Заң жобасында қылмыстық жауапкершілікті белгілеуге, жаза тағайындауға және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларына, үкімнің орындалуына байланысты қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеу көзделген.
Кеңеске ғалымдар, адвокаттар, заң кеңесшілері қатысып, сексенге жуық ұсыныстар түсті. Л.Ж. Сүлейменова, В.В. Хан, А.Р. Хасенова, С. В.Сизинцев, Б.А. Құлмұханбетовалар баяндама жасап, сөз сөйледі. Сындарлы пікір алмасу болды. Сарапшылар қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыс жасауға оқталғаны үшін әрекеттерді криминализациялау үрдісіне; Қылмыстық кодекстің бірқатар баптарының санкцияларында бірнеше рет айыппұл белгілеуге; ауыр қылмыстар бойынша рақымшылық институтын қолдануды кеңейтуге; процеске қатысушылар үшін қылмыстық сот ісін жүргізу форматын белгілеуді алып тастауға өз алаңдаушылықтарын білдірді.
Кеңеске қатысушыларға Мәжілісте одан әрі қарау үшін салыстырмалы кесте түрінде өз ұсынымдары мен ескертулерін ресімдеу ұсынылды.