31 шілдеде ҚР ПІБ МТҚБ жанындағы Парламентаризм институты негізінде Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасын талқылау бойынша жұмыс кеңесі өткізілді.
Жұмыс кеңесі Парламентаризм институты мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен сарапшылар қоғамдастығын және қоғамдық ұйымдар өкілдерін құжатты жан-жақты талқылау және жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін одан әрі жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Осы жұмыс кеңесі аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Байтукенова Тұжырымдама жобасының басты ережелерін таныстырды. Жұмыс кеңесіне қатысушылар Тұжырымдамаға баптары бойынша талдау жүргізді, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қайшылықты мәселелерді қарастырды.
Талқылау барысында қатысушылар Тұжырымдама жобасын пысықтау қажеттігі туралы келісті. Бұл мәселені тереңірек және жан-жақты зерттеуге, сондай-ақ «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасының сапасы мен өзектілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.