2023 жылғы 11 тамызда ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты бизнесті жүргізу мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер жобасына онлайн-режімде сараптамалық талқылау жүргізді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы қазіргі уақытта Мәжілісте қаралуда.
Жұмыс кеңесіне ҚР Парламентаризм институтының, мемлекеттік органдардың, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері және кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі басқа да сарапшылар қатысты.
Талқылау барысында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының Зерттеулерді үйлестіру және құқық қорғау жүйесі проблемаларын зерделеу орталығының бас ғылыми қызметкері С.Д. Бекишева, Американдық заңгерлер қауымдастығының ғылыми құқықтық сараптама жөніндегі сарапшысы С.Ж. Әбдірахманова, Парламентаризм институты директорының кеңесшісі Е.У. Ихсанов, Кәсіби заң консультанттары палатасының атқарушы директоры А. Пономаренко, сондай-ақ ҚР ҰЭМ кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама тобы жетекшісінің орынбасары Г.Т.Құрбанбаева сөз сөйледі.
Парламентаризм институтының сарапшылары заң жобасында көзделген бақылау және қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында кәсіпкерлерге қолдану ұсынылатын «жедел ден қою шаралары» ұғымына назар аударды. Басқа ескертулер де атап өтілді.
Сарапшылардың пікірінше, осы жаңалықтан кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделері зардап шекпеу қажеттігі маңызды.
Сараптамалық талқылау кезінде келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдарды Парламентаризм институты Мәжіліске жіберетін болады.