2023 жылғы 16 тамызда ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты органикалық өнім өндіру мен оның айналымы саласындағы проблемалық мәселелердің сараптамалық талқылауын өткізді.
Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстанның Органикалық өнім өндірушілер одағының, Қазақстан стандарттау және метрология институтының, органикалық өнім өндірушілердің өкілдері және басқа да сарапшылар қатысты.
Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісі қабырғасында «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң жобасы және оған ілеспе заң жобалары талқылануда.
Негізгі заң жобасы келесі:
- органикалық өнім өндіру және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы, яғни, уәкілетті органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тиісті құзыреттері;
- мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары туралы;
- органикалық өнімді өндіру мен оның айналымының негізгі шарттары мен рәсімдері туралы;
- органикалық өнімді сертификаттау және таңбалау туралы;
- мемлекеттік бақылау және жауапкершілік туралы ережелерді көздейді.
Жұмыс кеңесі барысында қатысушылар сертификаттау, органикалық өнімнің экспорты мен импорты, өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың айқын еместігі мен жеткіліксіздігі, жерді бағалау тетігінің жоқтығы және т.б. мәселелерді көтерді.
Жұмыс кеңесінің қорытындылары бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сарапшылардың ұсыныстары мен ескертулерін ескеруге ұсынымдар берілді.
Сараптамалық талқылау кезінде келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдарды Парламентаризм институты Мәжіліске жіберетінін атап өтеміз.