Басты бетСАРАПШЫЛАР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАСЫНА ТҮЗЕТУЛЕРДІ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫН...

САРАПШЫЛАР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАСЫНА ТҮЗЕТУЛЕРДІ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫНЫҢ АЛАҢЫНДА ТАЛҚЫЛАДЫ

САРАПШЫЛАР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАСЫНА ТҮЗЕТУЛЕРДІ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫНЫҢ АЛАҢЫНДА ТАЛҚЫЛАДЫ

2023 жылғы 22 тамызда ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының алаңында денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасының сараптамалық талқылауы өтті.

Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.

Жұмыс кеңесіне ҚР Парламентаризм институтының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар және басқа да сарапшылар қатысты. Заң жобасы медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық жауаптылық шараларын жеңілдетуге бағытталған.

Заң жобасында мынадай:

• ҚР ҚК-нің 317-бабының қылмыстық нормаларын ізгілендіру, медицина және фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы;

• медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізу;

• «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын беру және «Мамандық үздігі» республикалық конкурсын өткізу жаңалықтары көзделген.

Жұмыс талқылауы барысында «Алматы клиникалары қауымдастығы» ЖКжЗТБ атқарушы директоры Расул Дүйсенов, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының норма шығармашылық жұмыс жөніндегі басқармасының Әлеуметтік жобалар және қоғамдық бастамалар орталығының бастығы Пан Наталья, «Қазақстан медициналық ұйымдар альянсы» РҚБ басқарма төрағасы Дәулетхан Есімов, адвокат Руслан Қасымов, депутат, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық санитариялық авиация орталығы» ШЖҚ РМК директоры Нұржан Отарбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров, Абай облысының денсаулық сақтау Басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру, ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Гүлназ Таңатарова сөз сөйледі.

Парламентаризм институтының сарапшылары медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты ҚР ҚК 317-бабының қылмыстық нормаларындағы жазалауды жеңілдету қажеттігіне ерекше назар аударды. Заң жобасында жаза мерзімдерін қайта қарап, байқаусызда пациенттің денсаулығына орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайту, ал ауыр зиян келтірілген немесе науқас қайтыс болған жағдайда «бас бостандығынан айыру» жазасын «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылады. Сондай-ақ түзетулер медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізуді көздейді.

Жұмыс кеңесі кезінде келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдарды Парламентаризм институты Мәжіліске жіберетін болады.