Парламенттік каникул кезеңінде ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты қаралуы VIII сайланған Парламенттің екінші сессиясында жоспарланған заң жобалары бойынша 14 сараптамалық талқылау өткізді.
Бұл электромобилизмді дамыту, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, масс-медиа, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамасын оңтайландыруды, жергілікті өзін-өзі басқару, жылу энергетикасы, көші-қон, бизнесті жүргізу, адвокаттық қызметті және заң көмегін көрсету, органикалық өнімдерді өндіру мен айналымы, туристік қызмет, жануарлармен жауапты қарым-қатынас, ветеринария және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша салаларды регламенттейтін заң жобалары.
Іс-шараларға әртүрлі салалардан 123 сарапшы, сондай-ақ Парламент пен мәслихат депутаттары тартылды, 68 адам баяндама жасады. Жұмыс кеңестерінің қорытындысы бойынша сарапшылар 559 ұсынымдар мен ұсыныстар енгізді.
Осылайша, Парламентаризм институты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында мемлекеттік саясатты сапалы сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету және шешім қабылдағанда азаматтардың қоғамдық көңіл-күйлерін, ұсыныс-тілектерін міндетті түрде ескеру қажеттілігі туралы берген тапсырмаларын іске асырады.
Адвокаттық қызмет, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамалары, сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулер төңірегінде ең қызу пікірталас өрбіді. Заң жобасын Парламент депутаттары қаңғыбас жануарлар санын реттеудің тиімділігін арттыру және жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін ілгерілету мақсатында бастамашылық етті және Парламентаризм институты әзірледі.
Қоғамның қызығушылығын тудырған резонанстық заң жобасын төрт талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар 116 ұсыныс пен түзетулер енгізді. Талқылау барысында келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдар жиынтығы Мәжіліске одан әрі қарау үшін жолданады.
Атап өтетін жәйт, заң жобасында жануарларды есепке алудың орталықтандырылған бірыңғай электрондық базасын құру, сондай-ақ қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың агрессиясы, олардың үйірге жиналу оқиғаларына ит аулау қызметін тарта отырып, шұғыл ден қою шаралары қарастырылған.
Сондай-ақ, Парламентаризм институтының алаңында ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң жобасы талқыланды, оның жаңалығы «ақ хакерлердің» қызметін заңдастыру болып табылады.
Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үшін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуді көздейтін денсаулық сақтау мәселелері бойынша, нақтырақ, ҚР ҚК 317-бабы бойынша медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты заңнамаға енгізілген түзетулер төңірегінде де кең талқылау өрбіді.
Заң жобасында денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайту ұсынылады. Сондай-ақ түзетулер медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізуді көздейді. Сараптамалық қоғамдастықтан талқылау барысында келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдар депутаттарға қарауға берілетін болады. Сондай-ақ Институт талқылауға қатысқан бірқатар сарапшыларды заң жобаларының жұмыс топтарының құрамына енгізуге бастамашы болды.