2023 жылғы 21 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінде Парламентаризм институтымен бірлесіп ҚР Парламенті мәжілісінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы ойын және лотерея бизнесінің мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
2021 жылғы ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында лудомания проблемасына назар аударды:
«Соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөпірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды». «Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажет», - деді - деді ел Президенті.
2023 жылғы 4 қыркүйекте ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы сондай-ақ ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Өз сөздерінде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов халық арасында ойын бизнесі проблемаларының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, лудоманиямен күреске бағытталған шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, еліміздегі ойын бизнесі және лотерея қызметін ұйымдастыру өкілдері, атап айтқанда «Қазақстанның лотерея одағы» заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлер бірлестігінің өкілі, «ҚР букмекерлік және лотерея бизнесі ӨРҰ қауымдастығы» ЗТБ президенті және басқа да сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы ойын және лотерея бизнесінің проблемалық мәселелерін мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен талқылап, оларды шешу жолдарын әзірледі.
Парламент депутаттары Парламентаризм институтымен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңдарының жобаларын әзірледі. Заң жобалары бойынша қазіргі уақытта ҚР Үкіметінің қорытындысы күтілуде, содан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен Мәжіліске енгізілетін болады.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстарын депутаттар бастамашылық ететін жоғарыда аталған заң жобалары шеңберінде іске асыру жоспарлануда.