ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов 2023 жылғы 6 қазанда өткен «Мықты адвокатура – құқықтық мемлекеттің тірегі» VII Қазақстандық адвокаттар форумына қатысты. Іс-шараны республикалық және аумақтық адвокаттар алқасының өкілдері ұйымдастырды.
Форум барысында адвокатура көшбасшылары мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар адвокаттық қызметтің мәселелері мен перспективаларын және Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуындағы оның рөлін талқылады. Әлемнің көптеген елдерінде дамыған адвокатура институты құқықтық жүйелердің тиімді жұмыс істеуінің ажырамас шарты болып табылатыны атап өтілді. Адвокаттар қауымдастығының тәуелсіз, құзіретті, этикалық, өзін-өзі реттейтін ұйым құруға деген ұмтылысы да маңызды. Сонымен қатар, Форумға қатысушылар халықаралық әріптестермен қарым-қатынасты нығайту қажеттігін атап өтті.
Іс-шараға ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, Халықаралық адвокаттар қауымдастығының адвокатура мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Кен Мерфи, Азия-Тынық мұхиты өңірінің Заң қауымдастығының президенті Мелисса Пан, Сингапурдың Адвокаттар алқасының президенті Джейсон Чан, Қырғызстан Республикасы Адвокатурасының төрағасы Билим Райымқұлов, депутаттар, адвокаттар, халықаралық сарапшылар мен басқалар қатысты.
Парламентаризм институты тарапынан Форумға Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының бас маманы Нұртай Иманғалиев қатысты.