Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар болашақ ынтымақтастық пен жоспарланған бастамалардың егжей-тегжейін талқылады.
Кездесу аясында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов өзара іс-қимылдың түрлі аспектілерін айқындайтын меморандумға қол қойды.
Келісім ғылыми материалдармен алмасуды, өзара ақпараттық қолдауды және сараптамалық талқылаулар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар, тараптар бірлескен зерттеулер жүргізе алады және институттар қызметінің бағыттары бойынша өз басылымдарында ғылыми мақалалар жариялай алады.
Кездесу барысында екі аналитикалық құрылымның басшылары заңнамалық бастамалар мен заң шығару процесі ғылыми зерттеулерге, талдауға және сарапшылардың ұсыныстарына негізделуі тиіс екенін атап өтті. ҚСЗИ мен Парламентаризм институтының ынтымақтастығы сараптамалық-талдамалық қоғамдастықты заң шығарушылыққа неғұрлым белсенді тартуға негіз болуға тиіс.
Жалпы, меморандум диалогты нығайтуға және екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.