Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында айтқан тапсырмаларын орындау барысында Парламентаризм институты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атыс қаруының айналымы және оны жымқырғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын дайындау бойынша жұмыс жүргізуде. Осы жұмыс аясында ағымдағы жылдың 20 мамырында Парламентаризм институты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп, дөңгелек үстел ұйымдастырып өткізді.
Іс-шараға «Аманат» саяси партиясынан Мәжіліс депутаты Ю.В. Жулин және «Ақ жол» саяси партиясынан Мәжіліс депутаты А.Г. Линник, бизнес-құрылым (Күзет ұйымдарының қауымдастығы, «Қорамсақ» қазақстандық қару-жарақ қауымдастығы) және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Талқылау барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының салалық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері көтерілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша талқылау барысында қатысушылар айтқан ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, заң жобасын әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігі туралы жалпы ұстаным әзірленді.