2023 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Парламент жұмысын цифрландыру» тақырыбында семинар өтті. Семинарды ұйымдастырушылар - «Парламентаризм институты» РМК және Сенаттың Жобалық офисі.
Парламентті цифрландыруға және заң шығару процесінде жасанды интеллектіні қолдануға арналған семинардың спикерлері доктор Фотис Фитсилис бастаған Hellenic OCR Team (Грекия) командасының өкілдері.
Семинарға Парламент депутаттары, екі Палатаның Аппарат қызметкерлері, Әділет министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі қазақстандық қоғамда жасанды интеллект технологияларын қолданудың маңыздылығын атап өтті. Ел президентінің бұл бастамасы Қазақстан Республикасындағы заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі өзекті міндеттерде тікелей көрініс тауып келеді.
Заң шығару процесіне жасанды интеллект пен басқа да цифрлық технологияларды енгізу заңдардың сапасын жақсарту және олардың тиімділігін арттыру, елде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы маңызды және шұғыл міндет болып табылады.
Семинарды ашқан ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов:
«Тәуелсіздік жылдарында біз 3 мыңнан астам заңды, он мыңнан астам заңнан кейінгі актілерді қабылдадық. Бүгінгі күні бұл ауқымды саланы ретке келтіру керек. Олқылықтар мен қайшылықтар, ережелердің қайталануы біздің құқықтық кеңістіктің сапасына теріс әсер етеді және құқық қолданушылар үшін де, заң шығарушылардың өздері үшін де проблемалар туғызады. Сондықтан Сенаттың жобалық кеңсесі мен Парламентаризм институты Парламент жұмысына жасанды интеллекті енгізу мәселесімен айналысты. Мемлекеттік органдармен талқылаулар өтті. Әлемдегі ахуалға мониторинг жүргізілді», - деп атап өтті.
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов жасанды интеллект мүмкіндіктерін заң шығару процесінде және құқықтық сараптамада қолдану ұйым қызметінің маңызды бағыты болып табылатынын атап өтті.
«Бұл жұмыс күнделікті кертартпалықтан арылып, заңнаманың мазмұнды, тұжырымдамалық бөлігінде жұмыс істеуге шоғырлануға мүмкіндік береді. Заң техникасының, тіпті ең күрделі мәселелерін «машина», жасанды интеллект шеше алады және шешуі керек. Әрине, ол үшін оны оқыту керек, тиісті бағдарламалар жасау керек. Қазіргі уақытта біз заң шығару, парламенттік қызметті цифрландыру бойынша шет елдердің тәжірибесін белсенді зерттеп жатырмыз, бірқатар елдердің парламенттерінде осындай құралдарды енгізумен айналысатын мамандармен байланыс орнатудамыз», - деп атап өтті Қ.Сафинов.
Hellenic OCR Team (Грекия) - жасанды интеллект саласындағы соңғы технологияларды қолдануға маманданған және Еуропалық парламенттерді цифрландырудағы жетекші ойыншы болып табылатын грек сарапшылар тобы.
Бұл ұйым IPEN-мен (Парламенттермен өзара іс-қимылдың халықаралық желісі) тығыз байланысты және Еуропаның барлық парламенттерімен өзара ынтымақтастық негізінде жұмыс істейді. Ынтымақтастық ашық парламенттік деректерді ілгерілету мен зерттеуді, парламенттік және үкіметтік жүйелер үшін электрондық құралдар мен қызметтерді әзірлеуді қамтиды.
Сонымен қатар, Hellenic OCR Team – бұл парламенттік және басқарушылық деректерді өңдеу және талдау үшін краудсорсингті қолданатын жалғыз сараптамалық желі. Желіге 13 ел мен 4 континентте орналасқан 44 жеке және 6 институционалды мүше тіркелген.
Семинар спикерлері:
- Доктор Фотис Фитсилис (Dr. Fotis Fitsilis)- Hellenic OCR Team командасының негізін қалаушы және көшбасшысы. 2009 жылдан бастап ғылыми құжаттама және қадағалау секторының жетекшісі, сондай-ақ грек Парламентінің ғылыми қызметінің жетекші зерттеушісі. 2017 жылы ол Hellenic OCR Team – парламенттік деректерді өңдеу және талдау бойынша краудсорсингтік бастаманың негізін салушы. «Ақылды парламенттер. Деректер басқаратын демократия» (Smart Parliaments. Data-Driven Democracy) кітабының авторы.
- Сотирис Левентис (Sotiris Leventis) – Hypernetica компаниясының негізін қалаушы және басқарушы директоры, Hellenic OCR Team командасының мүшесі. Табысты бағдарламалық шешімдерді құру және әзірлеушілер топтарын басқару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар, Microsoft корпорациясымен жұмыс істеген.
Hellenic OCR Team грек командасы өкілдерінің сапары аясында Парламентаризм институты мен Hellenic OCR Team арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарлануда.