Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. «Ата – асқар тау, Ана – бауырындағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ» деген халық мақалында ата-ана мен бала табиғаттың керемет құбылыстарына теңеледі емес пе?! Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Хакім Абай: «Балаға үш мінезі алуан адамнан жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбыдан» деген екен. Қай балаға да ата-анасының үйдегі өнегесі, мәдениеті айтарлықтай ықпал етеді.
Бала үшін бас ұстаз – ата-ана екенін ескерсек, жақсы ата-ана бола білу аса жауапты іс. Баланың табиғатын тану, оны түсіну, жөнімен еркелету, шынайы қарым-қатынас құру, оның бойындағы бар ерекшелікті көре біліп, қабілетін дамыту, дұрыс бағдар беру, ынталандыру – ұрпағының ертеңі үшін алаңдайтын парасатты ата-ананың игілікті әрекеті. Өміріміздің ең мәнді өзегі – тұлғалық тұрғыда толық қалыптасқан парасатты перзент тәрбиелеу.
«Баланы жастан...» деген дәстүрлі тағылым бойынша бала тәрбиесі бесікте жатқан кезден басталуға тиіс. Одан әрі де маңызды кезеңдерде жөнімен тәрбие беру ата-ана үшін ең ұлағатты міндет. Психология ғылымының осы заманғы нұсқаулығы бойынша, ата-ана балаға 5 жасқа дейін аса мұқият қарап, психикасының дұрыс қалыптасуына жағдай жасауға тиіс. Сондықтан «Бес жасқа дейін балаңды патшаңдай төбеңе тұт, он үшіне дейін құлша жұмсап, мүшел жасынан бастап досыңдай сырлас» деген этнопедагогикалық идеологиялық қағида қашанда өзекті. Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы.
Бұл ретте отбасындағы бала тәрбиесі мен озбырлықтың аражігін ажыратып алған дұрыс деп ойлаймыз.
Бұрыннан келе жатқан «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген қазақ мақалының және «Балаға жаның ашыса, оны аяма» дегеннің мәні беталды қаталдық емес, ата-ана тарапынан белгілі бір талаптың қойылуы деп ұққан жөн. Баланың бар қалауын орындап, баланың әрбір іс-қимылын бақылаусыз қалдырып, оны еркіне қоя берудің соңы жақсылыққа апармайды.
Тарихқа көз салсақ, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша отбасындағы бала тәрбиесімен, әсіресе ұл өсіруде әке негізгі рөлді атқарған. Қазақ отбасында әке баланы еркелетіп қана қоймай, қатаңдық да танытып отырған: бала әкесінің қас-қабағына қарап-ақ өз қылығының дұрыс не бұрыстығын түсіне білген. Өзіміз де бала күнімізде әкеден қаймығып өстік. Аналарымыз: «Әкең келе жатыр!», «Қазір әкелерің келеді!», «Әкең ренжиді», «Әкеңнен сұран» деген сөздерді жиі айтуы арқылы бала санасына әкеге деген ерекше құрмет пен сыйластықтың ұрығын егеді.
Осы орайда америкалық жазушы Марк Твен: «Жасым он төртте болғанда әкем өте ақылсыз, ақымақ еді. Мен оны әзер түсінетінмін. Ал жасым жиырма бірге келгенде, сол жеті жыл аралықта әкем өте ақылды, өзіме ақылшы-тіреу, одан артық адам жоқ болды» деген екен. Бұл жазушының бала күнінде әкесі ақымақ болып, әкесіне кейін ақыл кірді деген сөз емес, өсе келе әкенің өзіне деген қатал қарым-қатынасының себебін баласы түсініп, дұрыс қабылдай бастағаны. Сол уақытта әке тәрбиесі соншалықты қатал болмаса, дәл сондай үлкен талаптар қоймаса, болашақта танымал жазушының шығуы екіталай ма еді?!
Расында, баланың өтпелі кезеңінде үлкендерді түсінуі қиындау, сондықтан онымен өз дәрежесінде сөйлесіп, сырласа білу керек. Бала өсіп, есейген сайын ата-анаға қарағанда құрдас-құрбыларына көбірек көңіл аударады. Біртіндеп достар шеңберін құру арқылы қарым-қатынас орнатуды үйренеді. Бұл – заңдылық. Осындай кезеңде ата-ана баланың қолайлы ортасына, әсіресе психикасына моральдық тұрғыда әсер етсе ғана озбырлық туралы әңгіме етуге болады.
Ал қазіргі ақпараттық технология мен интеллектуалды білім салтанат құрған жаһандану кезеңінде әкенің балаға берер тәрбиесі де заман ағымына қарай өзгеріп отырары анық. Дей тұрғанмен, болашақ ұрпақ тәрбиелеу ісінде ежелгі салт-дәстүрлерімізді ұмыт қалдырмай, негізге алғанымыз дұрыс.
Еуропаның педагогикасы қазақтың болмысына, ұлттық салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, дініміз бен ділімізге жат, оның үстіне ондағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасы да біздегіден бөлек. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерімізді ұстану зорлық пен озбырлыққа жатпайды. Әрине, өз баласына, тағдыр қосқан жарына қол көтеріп, отбасына зорлық-зомбылық жасаушылар қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуға тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беруге болмайды.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен әл-Фараби. Батыс пен Шығыс тәрбиесінің арасында ата-ананың не істерін біле алмай, шақшадай басы шарадай болған, адами капитал бәсекеге түскен қазіргідей жаһандану заманында жұмысбасты ата-ана балаға өз деңгейінде көңіл бөле алмай жатқандай ма деген ой келеді.
Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер өз салтымыз бар. Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар. Сондықтан заң әзірлеуде де біз әрбір қадамымызды өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге қарай жіті қарағанымыз жөн.
Мансұрхан МАХАМБЕТҰЛЫ,
Парламентаризм институтының директоры
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz