– Мансұрхан Махамбетұлы, елімізде Парламентаризм институты құрылып, оған өзіңіз басшылыққа келіп жатырсыз. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз. Бұл құрылым жиі сынға алынатын заңдарымыздың сапасына қатысты мәселелермен айналысады. Заңның сапалы болу шарттары қандай?
– Жалпы, Конституция бойынша елімізде заң әзірлеуге үш субъект, яғни, Президент, Үкімет, Парламент құқылы. Президент пен Үкіметтің заң әзірлеу ресурсы мол, әлеуеті өте жоғары. Мысалы, Үкіметте жиырма шақты ведомство, заң шығару институты бар. Олар осы құрылымдардың күшімен заңдарды толыққанды жасай алады. Ал депутаттық корпустың заң әзірлеу бойынша конституциялық құқықтарын іске асыру мүмкіндігі әлсіздеу. Біздің институт осы олқылықты толтыру мақсатында құрылды. Негізгі мақсатымыз – заң жасау, депутаттық корпустың заң шығару бастамашылығын қолдап, заң жобаларын әзірлеуге көмектесу. Бұл үшін бірінші кезекте қолданыстағы заңдарды сараптап, өзгерістер мен толықтырулар қажет ететін құжаттарды айқындаймыз. Бұл тұрғыда арызшағымдар ескеріледі, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері қаншалықты орындалып отырғаны назарға алынады, қайшылықтар, олқылықтар анықталады. Өйткені, осындай кемшіліктер заңдардың қолданылу барысында тиімсіз тәжірибе қалыптастырып, көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне кері ықпал етіп, халықтың билікке наразылығын тудырады. Бұл елдің, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс екенін білесіз. Жалпы, заңның сапалы болуы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің дер кезінде шешіліп, алға қойған міндеттердің орындалып, өркениетті даму белесіне көтерілудің бірден бір кепілдігі. Бәсекеге қабілетті сапалы ұлт болып қалыптасуымыздың сара жолы. Заң адамзат тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын даналықтың ең жоғарғы көрінісі болу керек деген тәмсіл бар. Біздің заңдарымыз осындай деңгейге жету керек.
– Олай болса, институт құрылғалы бері біраз жұмыс атқарылған сияқты.
– Иә, 2021 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша, Парламентаризм институты депутаттық корпусқа заң шығаруға бастамашылық жасау құқығын іске асыруға жәрдемдесу, сондай-ақ, кәсіпорынның жарғысында көзделген басқа да міндеттер шеңберінде бірқатар жұмыстар жүргізді. Мәселен, депутаттармен бірлесіп 17 заң жобасы әзірленді, оның ішінде 10 заң жобасы депутаттар тарапынан ҚР Үкіметінің қарауына жіберді. Бүгінгі таңда 5 заң жобасы ҚР Үкіметінің оң бағасын алды. Олардың арасында соңғы кезде қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар жасалған заң жобалары бар. Үкіметтің қарауында 5 заң жобасы жатыр. Олар негізінен еліміздегі жарты миллионнан асатын мүмкіндігі шектеулі жандардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған түзетулер. Бұлардың сыртында бастамашылық жасау үшін ҚР Парламенті палаталарының бейінді комитеттерінде алдын ала келісуге жіберілген 7 заң жобасы бар.
Олар жануарларды қорғау, қылмыстық процестегі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығын арттыру, ғылым саласын дамыту секілді еліміз үшін маңызды мәселелердегі түйткілдерді шешуге, жаңа басымдықтарды айқындауға бағытталған. Сонымен қатар Парламентаризм институты Парламент Мәжілісіне баланың құқықтарын қорғау, бюджет заңнамасын жетілдіру, өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша заң жобаларына салыстырма кестелері бар негізді ақпараттық хаттар енгізді.Салалар бойынша қолданыстағы заңнамаларға, атап айтқанда, мемлекеттік жастар саясаты, ғылым, жәбірленушілерге қылмыстан келтірілген зиянды өтеу, ақпараттық қауіпсіздік,цифрлық активтер мәселелері
бойынша талдау жүргізді. Олардың қорытындылары мен тиісті заң жобалары әзірленетін болады. Парламентаризм институты бұл жұмыстардың барлығын отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен тығыз іскерлік байланыста жүзеге асыруда.
– Жаңа бір сөзіңізде заңнамаларға сот орындаушыларға қатысты түзетулер енгізілетіндігі жайлы айтып қалдыңыз. Бүгінгі таңда осы сала қызметкерлеріне соның ішінде жеке сот орындаушыларға қатысты қоғамда базына көп. Жуырда Алматыда сот орындаушылардың өз қызметін жүзеге асыру барысында қазаға ұшырауы сол нарызылықтардың негізсіз емес екендігін көрсетті. Аталмыш заң жобасы аясында атқарушы қызметке қатысты шетін мәселелер ескерілген болар…
– Иә, Парламентаризм институты қолданыстағы атқарушылық іс жүргізу тетігіне азаматтар тарапынан жаппай наразылықтың туындау себептерін анықтау мақсатында талдау жүргізді.
Осы шараның нәтижесінде оның теориялық тұрғыдан азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанымен, іс жүзінде көптеген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол беріп, Конституцияда айқындалған адам құқына кереғар шешім дердің қабылдануына себеп болатынын анықтады. Жалпы, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң – қатысушылардың екі тарабы, яғни өндіріп алушы мен борышкердің мүддесін көздейді. Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған кезде қарызды өтеген борышкер автоматты
түрде құрметті адам мәртебесіне өтеді. Жекеменшік құқығын қорғаудың конституциялық кепілдігі барлық субъектілер құқына қол сұғылмаушылықты мүлтіксіз сақтауға және олардың бұзылуына жол бермеуге міндеттейді. Осыған байланысты сот орындаушысының борышты толық өтеген кезде мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану туралы қаулылардың (оның ішінде алдыңғы сот орындаушылар шығарған қаулылардың) күшін жою құқығы емес, міндеті деп санаймыз. Заңда атқарушылық іс жүргізу борышты толық өтеуге байланысты тоқтатылған жағдайларда, сот орындаушысының барлық алдыңғы сот орындаушыларының қаулыларын жою жөніндегі міндеті жоқ.Бұл берешекті толық өтеген адамды бұрын осы іс жүргізген әрбір сот орындаушысынан өзі шығарған қаулының күшін жоюын сұрауға мәжбүр етеді. Қарызды өтеген сәттен бастап тұлға борышкер болып табылмайтындықтан, оның мүлкіне қатысты шектеу шараларының болуы оның заңды түрде сатып алынған мүлікке конституциялық құқықтарын бұзады және адам өзінің жекеменшік құқығына билік ету мүмкіндігінен заңсыз айырылады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа да қолайлы жағдай жасайды. Осыған орай біз сот орындаушысының мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы барлық қаулылардың, оның ішінде алдыңғы орындаушылар шығарған қаулылардың күшін дереу жою міндетін енгізуді ұсынып отырмыз. Бүгінгі таңда қарызын өтеген борышкерлерді сот орындаушылары қадағалап, есепке алып отырмайды. Осының салдарынан негізсіз істер қозғалып, бұл азаматтардың уақытын алып, қалыпты өмір сүру жағдайларын бұзып жатыр.
Расында азық-түлік сатып алуға, шығындарды төлеуге және т.б. тірлік қамын жасау үшін 1-2 күнге төлем карточкаларын бұғаттау жеткілікті. Ал, атқарушылық құжат ұсынылған сәттен бастап атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні өтеді. Осы уақыт ішінде борышкер өз қарызын өтеуі мүмкін. Олай болса, қарызды өтеген адамға атқарушылық іс қозғау және белгілі бір мәжбүрлеу шараларын қолдану қалайша әділетті болады? Бұл айналып келгенде азаматтардың наразылығы мен сенімсіздігін тудырады және тұтастай алғанда
мемлекеттің имиджіне нұқсан келтіреді. Шын мәнінде атқарушылық іс жүргізуді бастамас бұрын берешектің болуын тексеру атқарушылық істі қозғауға және мәжбүрлеу шараларын қолдануға қарағанда әлдеқайда аз уақытты алады. Өз уақытын ұтымсыз пайдаланудың осы фактілері сот орындаушыларының негізсіз жүктемелеріне әкеп соғады. Азаматтардың көпшілігі адамның немесе ұйымның өзіне қатысты атқарушылық істің қозғалғанын құқықтарына немесе мүлкіне қатысты шектеу шаралары қолданылған кезде ғана біледі. Мұндай
жағдай көбінесе шетелге шығу кезінде болады. Азаматтар өзіне сапарға шығуға тыйым салынғанын сол кезде ғана біледі. Құқықтық мемлекетке тән емес мұндай үрдіс сот орындаушысының қаулы көшірмесін борышкерге жіберу тәртібінің заңда нақты белгіленбеуінің салдары. Осы олқылықтың орнын толтыру және азаматтар мен ұйымдардың сот тәртібімен шағымдануға конституциялық құқықтарын іске асыру үшін сот орындаушысының борышкерге олардың шағымдану құқықтарын түсіндіре отырып, атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы хабарлау міндетін енгіздік. Осы секілді толып жатқан ұсыныстар қостық. Олардың ішінде құқық қолдану тәжірибесінде пайдаланылмай жүрген нормалар бар. Мысалы,
сот орындаушылардың сот актілерін қасақана орындамайтындарды қылмыстық қудалау туралы ұсыныс беру құқы орындалмайтындықтан, бұл шараны міндеттеу ұсынылды. Сол секілді жеке сот орындаушысының үстінен шағымдар түскен жағдайда не оның міндеттерін адал атқармағандығын айғақтайтын басқа да ақпарат болған кезде, уәкілетті органның аумақтық органы, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы жеке сот орындаушысының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізу талабын белгіледік. Тәртіптік жауапкершіліктің лицензияны тоқтата тұру немесе айыру сияқты аса маңызды ықпал ету шараларынан аулақ болуға мүмкіндік беретін түрлерін алып тастау жөнінде де ұсыныс қостық.
– Банкіден қарыз алу үшін қойылатын кепілдік – бүгінде көптеген борышкерлердің жанды жері. Жалпы, бізде кепілдік бойынша банкіге шексіз құқық беріп қойған секілді, келісесіз бе?
– Бұл мәселеге қатысты үлкен өзгеріс керек. Банктер де несие берген кезде бізде бағасын белгілеп, бірнеше мүлікті кепілдікке алады. Бірақ борышкер міндетін орындамаған кезде одан әлдеқайда төмен баға қояды. Бұл ретте тұтынушының келісімін қажет етпейді.
– Бұған тосқауыл қою мүмкін емес пе?
– Әрине, бұған жол бермеуге болады. Бұл орайда мүліктердің нарықтық бағасы негізге алынуы керек. Сонымен қатар, оларды сатуда меншік иесінің келісімі болу керек. Бұл мәселені осыдан алты ай бұрын көтергенбіз. Қазір ол бойынша талдау жасап, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мұнда қосымша кепілдіктің бағалануы, олардың электронды саудаға шығару үрдістерінде меншік иесінің құқы бұзылмайтын өлшемдерді қарастыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл өте қажет. Өйткені, адамдардың құқы бұзылмауы тиіс. Әрине, ол өз міндетін
орындау керек, бірақ құқы да тапталмауы қажет. Бұл үшін заң әділетті болу керек. Мысалы, Алматыда болған оқиғада негізгі қарыз 118 мллион теңге. Ол үшін кепілдікке банк тарапынан екі мүлік алынған. Бір кепілдіктің өзі 180 млн теңгеге бағаланған. Тұтынушыларды ашынтып отырғаны – осы бағаны түсіріп жіберіп, кепілдікке қойылған мүліктің
қымбатқа сатылуы. Алғашқы белгіленген бағаны елу пайызға түсіріп, басқа бағаға сату деген шынында да өзекті өртейтін жағдай ғой. Негізінде алынған кепілдікті сату құқын белгілі бір уақыт ішінде сатып, қарызын өтеу үшін меншік иесінің өзіне беру керек. Сатқан ақшасы қарызды жапса, қалғанын өзі ала берсін, ал борышты өтеуге жетпесе, онда екінші кепілдігін тағы сатсын. Бірінші кепілдік қарызды жабуға толық жетсе, екінші кепілдігінің өзінде қалу мүмкіндігі берілу керек. Сол кезде әділетті болады. Өкінішке орай біз банктерге шексіз құзырет беріп қойғанбыз. Заңда барлық тараптың құқы, мүмкіндігі қамтылуы керек. Сонда ғана ол әділеттілікке қызмет ететін болады.
– Сот жүйесін жетілдіруге қатысты қандай мәселелерді анықтап, ұсыныс қостыңыздар?
– Өздеріңізге белгілі, ҚР судьяларының VIII съезінде Мемлекет басшысы сот төрелігін әділ әрі заңды жүзеге асыруға мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін айтты. Адам құқықтары
мен заңның үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші кезектегі міндет деп белгіледі. Сондай-ақ, 2021 жылғы 15 қаңтарда өткен ҚР Парламентінің жетінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында Президент сот билігінің тәуелсіздігін нығайту жөніндегі заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл өте орынды талап. Өйткені, қолданыстағы заңдардың жекелеген нормалары арасында жоғары тұрған инстанцияларға төмен тұрған соттардың мүдделеріне ықпал етуге немесе негізсіз қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін коллизиялар мен олқылықтар бар. Бұл сайып келгенде, сот төрелігін іске асыру сапасына теріс әсер етеді. Атап айтқанда, тәртіптік теріс қылық ұғымы тарылған, «судьялық қате» ұғымы нақтыланбаған,
судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін материалдарды сот жюриіне беру тәртібі жоқ. Мәселен, конституциялық заңның 39-бабына сәйкес, судьяның «сот билігінің беделін төмендетуге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге» әкеп соққан әрекеттері, яғни қызметтен тыс кезде сот этикасына қайшы келетін теріс қылық жасаған кездегі мінез-құлқы тәртіптік теріс қылық болып табылады. Алайда, бұл «азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу» әділетсіз сот актілерін шығарған кезде судья жауапкершілігінің
дербес негізі ретінде қарастырылмаған. Сонымен қатар, конституциялық заңға сәйкес заңдылықты өрескел бұзуға жол берген судьяны жауапкершілікке тарту үшін жоғары тұрған сот сатысының сот актісінде тиісті талап қажет. Бұл ретте судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелері апелляциялық немесе кассациялық сатының нысанасы болып табылмайды. Судьяны жауапқа тарту үшін «заңдылықтың өрескел бұзылуы» қажет, бірақ Қылмыстық, Азаматтық процестік кодекстермен бірге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте аталған
норма жоқ, тек «заңды елеулі бұзу» немесе «азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу» деген ұғымдар айқындалған. Көрсетілген мән-жайлар жоғары тұрған сотқа төмен тұрған соттың іс-әрекеттеріне өз бетінше баға беруге мүмкіндік береді. «Судьялық қателік» ұғымы да нақтылауды да қажет етеді. Себебі, қолданыстағы бұл норма екі жақты түсінік қалыптастырады. Бұл «Құқықтық актілер туралы» ҚР заңының 24-бабының 3-тармағына қайшы. Сот қателігі ұғымының нақтыланбауы соттардың бірдей кінәлі жағдайына немесе кінәсіздігіне әртүрлі шешім шығуына, яғни бір соттың жауапкершілікке тартылып, ал басқаларының одан тыс қалуына жол береді. Бұл жағдай судьяларды жоғарғы сатыдағы сотқа тәуелді етеді және еркіндігін шектейді. Сондай-ақ, конституциялық заңда материалдарды сот жюриіне жіберу тәртібі реттелмеген, бұл жоғары тұрған сотқа субъективизм мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындата отырып, қандай материалдың қаралуға жататынын, ал қайсысы жатпайтынын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мәселелерді реттеу, біздің ойымызша, заң бұзушылықтардың бар-жоғын бағалау кезінде субъективті қөзқарасты жоюға, судьялардың жауапкершілік аймағын ажыратуға, олардың тәуелсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл сайып келгенде, азаматтардың сот жүйесіне және тұтастай алғанда, мемлекетке деген сенімін арттырады.
– Сот процестерінде некені сақтап қалуға мүдделік аз, бұл ретте балалар тағдыры ескеріле бермейтін сияқты. Бұл да біздің заңдарымыздағы олқылықтың салдары емес пе?
– Иә, расында, соңғы жылдары некенің бұзылуы жиілеп кетті. Бұл отбасын нығайту рәсімдеріне қатысты заңдар өлшемдерін қайта қарауды қажет ететін үрдіс. Құқық қолдану тәжірибесіне жүргізілген талдау нәтижесі соңғы 15 жылда ажырасу саны 45 пайызға артқанын көрсетті. Егер 2006–2010 жылдар кезеңінде 188 876 ерлі-зайыптылар екі жаққа
кетсе, 2015–2019 жылдар кезеңінде бұл көрсеткіш 274 505-ке жетіпті. Бұзылған неке саны жыл сайын өсе түсуде. Біз бұл мәселені сараптау барысында бірнеше мәселені зерделедік. Біріншіден, тіркеуші органдарда некені бұзу ресми рәсімге айналған, яғни оның барысында ажырасудың уәждері мен мән-жайлары, себептері анықталмайды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта тіркеуші органдарда некені бұзу даусыз және балалардың қатысуынсыз, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша екіншісіне сот тарапынан хабар берілмей, әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектелген деп тану және қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайында да жүргізіледі. Бұған Неке және отбасы кодексінің 17-бабы мүмкіндік беріп отыр. Осылайша біздегі шаңырақтар опоңай шайқалып, оның зардабын, әсіресе, еш жазығы жоқ балалар шегіп жатыр. Бұған жол беруге болмайды. Мысалы, адамның жалғыз кемістігі – спирттік ішімдікке салынған болуы мүмкін. Сот жұбайына жалақысын алуға мүмкіндік бере отырып, қабілеті шектеулі деп
танығанымен, ол бала тәрбиесіне назар аударатын қамқор әке шығар. Мұндай жағдай іс жүзінде жиі кездеседі. Тағы да бір мысал, адам ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін, атап айтқанда, өзіне байланысты емес объективті мән-жайлар бойынша лицензиясыз заңсыз кәсіпкерлікті жүзеге асырғаны үшін сотталуы мүмкін. Мұндай жағдайларда ерлі-зайыптылардың бірінің өтініші бойынша некені сөзсіз бұзу әділетсіз және адамгершілікке жатпайды ғой. Жалпы, мұндай жағдайлар тіркеуші органда некені біржақты тәртіппен бұзуға негіз бола алмайды.Олар объективті және субьективті себептері толық анықтала отырып, сот тәртібімен қаралуға тиіс. Осыған орай Парламентаризм институты некені бұзу ісінің барлық жағдайда тек сот тәртібімен жүзеге асырылуы керектігі жөнінде ұсыныс енгізді. Екіншіден, бүгінгі таңда сотта некені бұзу рәсімінде балалардың пікірі ескерілмейді. Негізінде бұл олардың құқықтарын бұзатын маңызды мәселе. Бізде кәмелетке толмаған балалар бар некені бұзу істері әртүрлі соттарда, олардың қатысуынсыз қаралады. Бұл қате және зардапты тәжірибе. Ажырасу процесінде балалардың (10-18 жас) қатысуы міндетті болуы керек, өйткені бұл ата-аналардың отбасын сақтау туралы шешіміне әсер етуі мүмкін. Осыған
орай, Парламентаризм институты тараптарды татуластыру мерзімін 1 айдан 6 айға дейін ұзартуды және істерді бір сотқа біріктіруді ұсынады. Бұл ерлі-зайыптыларға отбасында балалары болған кезде отбасын сақтау үшін ойланып, дұрыс шешім қабылдауына қосымша уақыт береді. Өз кезегінде сот шешімдерінің де сапалы шығып, балалардың мүдделері мен құқықтарын ескере отырып, отбасының сақталуына ықпал ету мүмкіндігін арттырады. Әлемнің дамыған елдеріндегі ажырасу процесі өте күрделі, қымбат және ұзақ рәсім болып
табылады, оған барлық мүдделі тұлғалар (әлеуметтік қызметтер, психологтар, медиаторлар, педагогтар, әріптестер, отбасы мүшелері) отбасын сақтау және балалардың құқықтарын сақтау мақсатында қатысып, жұмыс істейді. Біз де осы жолға түсуіміз керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
Дереккөз: «Заң газеті»