Мемлекет Басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн».
2022 жылғы 28 наурызда «Жасыл» мемлекеттік сатып алуды дамытудың қазіргі заманғы мәселелері мен перспективалары» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстел негізінде Парламентаризм институты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «жасыл» мемлекеттік сатып алуды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.
Заң жобасы экологиялық нормалардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін, атап айтқанда, оларды мемлекеттік сатып алу саласында қолдануды қамтамасыз ету арқылы шаралар қабылдауды көздейді. Заң жобасының негізгі мақсаттарының бірі мемлекеттік сатып алу нарығында экологиялық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады, бұл Қазақстанда инновациялық технологиялардың дамуына ықпал етеді.
Заң жобасы мыналарға бағытталған:
- Үкіметке арнайы экологиялық талаптар қолданылатын тауарлар түрлерінің тізбесін бекіту бойынша құзырет беру;
- тапсырыс берушілерге Үкімет бекіткен тауарлар тізбесі бойынша «жасыл» мемлекеттік сатып алуды өткізуге мүмкіндік беру;
- жеткізушілердің экологиялық сауаттылығын арттыру;
- экологиялық өнімдерді (тауарларды) сатып алуды және тұтынуды (пайдалануды) ұлғайтуды ынталандыру;
- шартты жеңілдіктер беруге қатысты заңға тәуелді деңгейдің бірқатар ережелерін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға ауыстыру, сондай-ақ «жасыл» мемлекеттік сатып алуды өткізу үшін Үкімет бекіткен тізбедегі тауарлар үшін шартты жеңілдіктер қарастыру;
- Ұлттық экологиялық тауар өндірушілерді қолдау;
- «жасыл» мемлекеттік сатып алу жеткізушілерінің тізілімін жүргізу;
- «жасыл» мемлекеттік сатып алу ұғымын заңнамалық бекіту және «жасыл» мемлекеттік сатып алу мониторингін қамтамасыз ету.
*************************************
P.S. Құрметті достар, сіздің «жасыл» мемлекеттік сатып алуды реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарыңызды мына электрондық мекенжайға: Madi_Sh@umto.kz, сондай-ақ Парламентаризм институтының instparlam.umto.kz ресми сайтындағы «Заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар» бөліміне жібере аласыз.