2022 жылғы 29 наурызда Парламент Мәжілісінде өткізілген дөңгелек үстел барысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы және депутаттық бастама шеңберінде әзірленген цифрлық активтер мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу талқыланды.
Іс-шара Парламентаризм институтының қолдауымен мүдделі орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банктер, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Қазақтелеком» АҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілді (60-тан астам адам қатысты).
Депутаттар бастамашылық еткен Заң жобалары Мемлекет Басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында үлкен деректер, блокчейн, цифрлық активтер, дата-орталықтар, жаңа цифрлық қаржы құралдары және т.б. сияқты жаңа технологиялық құбылыстарға заңнаманы бейімдеу қажеттігі туралы берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Заң жобаларын әзірлеу азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғауға негізделген және цифрлық активтер саласындағы заңнамалық актілердегі олқылықтарды, коллизиялар мен қайшылықтарды жоюды көздейді. Цифрлық майнинг субъектілерін электр желілеріне қосуға қойылатын талаптар, электр энергиясын сатып алу бойынша есептеу әдістемесі, сандық майнинг бойынша субъектілердің қызметі үшін квоталау және тұтыну бейіні айқындалды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасында көзделген Ұлттық майнинг пулын қалыптастыруды көздейді. Ұлттық майниг пулын құру «жасырынды» майнерлерді оқшаулауға мүмкіндік береді, бұл майнерлер қызметінің ашықтығын арттыру үшін оңтайлы шешім болып табылады.
Аталған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі Бірінші Вице-Министрінің кеңесшісі Асқар Толқынбекұлы Құрманғалиев, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифрлық активтер басқармасының басшысы Нұржан Қадырұлы Қуандықов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Асылбек Төреқұлұлы Дәулетов баяндама жасады.
Цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша сындарлы ұсыныстармен Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Құрманғалиұлы Исин, Қазақстандағы блокчейн және дата-орталықтар индустриясы қауымдастығының Вице-президенті, ЦДИАӨМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Путра Сергей Борисович сөз сөйледі.
Іс-шара нәтижелері бойынша цифрлық активтер жөніндегі заң жобаларын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді. Аталған заң жобаларын одан әрі талқылау және пысықтау Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі жұмыс тобы шеңберінде жоспарланып отыр.