Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді реформалау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Елбасы мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ауылды қайта түлету мен дамытуға бағытталған бірқатар ірі нысаналы бағдарламалар іске асырылып, өзінің оң нәтижелерін берді. Осы жылдар ішінде саланы мемлекеттік қолдау бірнеше есе ұлғайды, сондай-ақ оларды іске асыру тетіктері жетілдірілді.
Сонымен бірге, бүгінгі күні агроөнеркәсіптік кешен саласында көтерме-тарату орталықтарының (КТО) қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу мәселелері шешілмеген күйінде қалып отыр; кредит берудің АӨК субъектілерінің бірінші кезектегі мұқтаждарына бағдарлануы қажет нысаналы бағыттарын пысықтауды талап етеді; қосымша зерделеуді және оларды дамыту бойынша одан әрі шаралар қабылдауды талап ететін саланың техникалық және технологиялық артта қалуы, ғылым мен өндіріс арасындағы әлсіз интеграция орын алып отыр.
Жоғарыда аталған проблемалық мәселелерді шешу, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнаманы жетілдірудің тұжырымдамалық тәсілдерін әзірлеу мақсатында Парламентаризм институты «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ-мен Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған Меморандумға сәйкес тараптар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласында мониторинг жүргізу кезінде өзара іс-қимыл жасайды, бірлескен ғылыми-практикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысады, олардың қорытындылары бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен заң жобалары әзірленетін болады.