2023 жылғы 2 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты Парламент депутаттарымен бірлесіп ұйымдастырған мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов өзінің кіріспе сөзінде Институттың «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы бастамашылық еткен және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен қолдауын қорғауға бағытталған бес заң жобасын әзірлеуге қатысатынын атап өтті.
«Заңнама серпінді болуы тиіс. Қоғам өзгеріп, жаңа қажеттіліктер мен проблемалар анықталған сайын, заңдар өзекті және тиімді болып қалу үшін қайта қаралып, жаңартылып отыруы керек. Шынайы инклюзивті қоғам құру жолында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын заңнамалық қамтамасыз ету мемлекеттік деңгейдегі басымдықтардың біріне айналуға тиіс».
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, заңгерлер қатысты.
Дөңгелек үстелде Сенат депутаты Ләззат Қалтаева, Мәжіліс депутаттары Кенжеғұл Сейтжан, Таңсәуле Серіков, Ажар Сағындықова сөз сөйледі. Үкіметтік емес сектор атынан «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Вячеслав Пак, «Подранки» МҚБ төрағасы Ғалия Тобатаева және басқалар проблематикаға қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел барысында мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілікті жоюдың және олардың еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу, қоғам өміріне толыққанды қатысу құқығын қамтамасыз етудің, сот төрелігіне, жеке басына қол сұғылмаушылыққа, қанаудан еркіндікке, жүріп-тұру еркіндігіне, жеке ұтқырлыққа қол жеткізудің өзекті мәселелерін талқылады.
2015 жылдан бастап Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының қатысушысы болып табылады, ал 2017 жылы БҰҰ комитетіне осы Конвенцияны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы бастапқы баяндама ұсынылды.
2023 жылғы 7 маусымда Мемлекет басшысы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, оның негізгі міндеттері мүгедектердің және халықтың жүріп тұруы шектеулі басқа да топтарының тыныс-тіршілігінің басым салаларындағы объектілер мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту саласында қызметтер көрсету тетігін жетілдіру, мүгедектердің тыныс-тіршілігі мен қоғамға кірігуі үшін тең мүмкіндіктер жасау болып табылады.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Парламентке жіберілетін мүгедектігі бар адамдар үшін құқықтық базаны және құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар жүйесін жетілдіру және инклюзивті орта құру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстар әзірленетін болады.