Сенаторлар Бибигүл Жексенбай, Ғалиасқар Сарыбаев және Амангелді Толамисов еріктілермен бірге елордадағы жануарлар паналайтын орында болып, ұстау шарттарымен танысты. Сапар барысында жануарларды тамақпен қамтамасыз ету, қоршаулар мен қаржыландырудың жеткіліксіздігі және т.б. бірқатар проблемалар анықталды.
Сенат депутаттары қазіргі кезде Парламентаризм институтымен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын.
Сенаторлар жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы мемлекеттік саясаттың дәйектілігін қамтамасыз ету, жануарлар санын реттеу процесін бақылау және ондағы тетіктердің тиімділігін арттыру, иттердің адамдарға шабуыл жасауын азайту және үй жануарларымен жұмыс істеу кезінде қоғамның адамгершілік ұстанымдарын қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы заңнамадағы негізгі өзгерістер туралы жануарларға арналған баспананың қызметкерлері және еріктілерге айтып берді.
«Заң жобасына ұсынылған түзетулер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу үшін неғұрлым тиімді негіздерді қамтиды. Ол халықаралық қауымдастық жануарларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қарау саласында мойындаған құндылықтарды сақтауға бағытталған. Мемлекет басшысы өз сөзінде жануарларға деген көзқарас кез-келген мемлекеттегіөркениеттің өлшемі екенін атап өткен болатын», - деді Бибигүл Жексенбай.
Сенаторлар жануарлар баспанасына болған кезде оның қазіргі жағдайын мұқият қарап, қоршаулардың орналасуын тексерді, қызметкерлермен және еріктілермен әңгімелесті. Сондай-ақ жануарларды ұстау жағдайларын жақсарту қажеттігін атап өтті. Еріктілер үй-жайларды жаңғырту, үй жануарларына ветеринарлық көмек көрсету және жануарларды асырап алу бағдарламасының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар айтты. Депутаттар өз кезегінде жануарларға неғұрлым қолайлы және қауіпсіз орта жасау үшін жергілікті атқарушы органдармен және белсенділермен жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.