Бүгін ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Жанар Тулиндинова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың сұхбат тезистерін сараптамалық талқылауға қатысты.
Іс-шараға талдау орталықтарының өкілдері, саясаттанушылар, тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Ж. Тулиндинова Ел Президентінің Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбаты бағдарламалық сипатта екенін атап өтті. Онда Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясаттағы басымдықтар, жаңа экономикалық модель, қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер, атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, АЭС салу туралы көзқарасы баяндалған.
"Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сұхбатында 2019 жылдан бастап қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі кезеңдерін атап өтті. Көбінесе прогресті бағалау үшін реформаларға ретроспективті көзқарас қажет, өйткені олардың жинақтаушы әсері бар және қоғам көбінесе өзгерістердің ауқымын түсінбейді", - деп атап өтті Ж.Тулиндинова.
"Ауыл әкімдерін сайлау, сондай-ақ пилоттық режимде 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдерінің сайлауын өткізу қоғамдық және азаматтық белсенділікті айтарлықтай жандандырды, халықтың жергілікті мәселелерді шешуге қызығушылығы артты. Сондай-ақ, бұл үдеріс жергілікті белсенділер үшін жақсы саяси мектеп және жаңа тұлғаларды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту құралы болды.
Парламенттік сайлауда бір мандатты округтер бойынша дауыс беруге қайта оралу Белсенді азаматтарды, пікір көшбасшыларын Мемлекеттік басқару жүйесіне топтастыру үшін маңызды қадам болды.
Партиялық заңнаманы ырықтандыру жаңа партиялардың тіркелуіне жол ашты. Нәтижесінде тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бір уақытта барынша көп партия өкілдері Парламенттің құрамына кірді. Митингілер туралы заңнаманы жаңарту, әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін өкілді органдарға квоталар енгізу, петиция институтын енгізу – қоғам мен халықтың мемлекеттік саясатқа барынша белсенді араласуына септігін тигізді", - деп қорытындылады Парламентаризм Институтының атқарушы директоры.