Семейде еліміздің бес өңірінің мәслихат депутаттарына арналған ауқымды тренинг өтті. Іс-шара Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы және Жетісу, Абай облыстарының халық қалаулылары мен мәслихат аппараттарының қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету шеңберінде ұйымдастырылды.
Бұл іс-шара Сенат пен мәслихаттар арасындағы ынтымақтастық жоспары аясында өтті. Ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты Парламентаризм институты, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі және Абай облысының мәслихаты болды.
Парламентаризм институты директорының орынбасары Ляззат Сүлеймен өз сөзінде заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстан Президентінің Жолдауындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, соңғы жылдары атқарылған реформалар аясында қоғамдық бақылауды күшейту, адам саудасымен күрес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша бірқатар маңызды қадамдардың жасалғанын баса айтты. Бұдан басқа балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа жазаның күшейтілгенін және білім беру мекемелері мен ойын алаңдарында балаларды қорғауға бағытталған жаңа нормалардың енгізілгенін жеткізді.
Тренингке қатысушыларға Сенат Парламенті депутаты Айнұр Арғынбекова, Абай облысының мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов және ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің өкілі Әсел Қаратаева да құттықтау сөз сөйледі. Олар мәслихаттардың рөлін нығайту және олардың жергілікті саясатқа әсерін арттыру мақсатында осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Баталова мәслихаттардың қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.
Парламентаризм институтының сарапшысы Меруерт Қабылбаева мәслихат депутаттарының Парламентпен өзара іс-қимылын айта келе, жергілікті өкілді органдардың халықпен байланыста негізгі рөл атқаратынын атап өтті. «Азаматтар алдымен мәслихат депутаттарына жүгінеді, және сіздер арқылы мемлекеттік органдармен алғашқы байланыс орнатылады. Сенатпен бірлескен жұмыс заңдардың орындалуын қадағалауға және туындаған мәселелерге уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді Қабылбаева. Ол сонымен қатар, азаматтардың өтініштерін өңдеу үшін бірыңғай экожүйе құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл жүйе әлеуметтік желілердегі пікірлерді талдау арқылы халықтың нақты қажеттіліктерін анықтауға көмектеседі, дейді сарапшы.
Антикоррупциялық саясат мәселелері бойынша баяндамамен Парламентаризм институтының сарапшысы Алмагүл Хасенова сөз сөйледі. Ол мәслихаттардың жергілікті бюджеттер мен бағдарламаларды бақылау арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды рөлін атап өтті. Хасенова 2023 жылғы Transparency International деректерін келтіріп, Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 180 елдің ішінде 97-орынды иеленгенін айтты. Дегенмен, ол 39 ұпайдың елдегі сыбайлас жемқорлықтың әлі де жоғары деңгейін көрсететінін және оның экономикалық дамуға теріс әсер ететінін атап өтті.
Экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. Эколог Кирилл Осин әкімшілік аумақтардағы – аудандар, қалалар және облыстардағы экологиялық жағдайға қатысты мәселелерді және алдағы уақытқа арналған міндеттерді талқылады.
Тренинг аясында мәслихат депутаттары жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін де қарастырды. Q88 Тұрақты даму қауымдастығының сарапшысы Санжар Қазиев елді мекендерді абаттандыру, саябақтар мен скверлерді салу стандарттары, көгалдандыру және архитектуралық шешімдер туралы баяндама жасап, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына тоқталды.
Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының сарапшысы Ш.С.Оңғаров өз баяндамасында өңірлердегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін кеңінен талқылады. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Оңғаров қоғамдық қауіпсіздік шараларын нығайту және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажеттігін ерекше атап көрсетті.
Бұл тренинг мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруда маңызды қадам болды, ал оның қорытындылары билік органдарының барлық деңгейлерінде өзара іс-қимылды жақсартып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.