Бүгін Парламентаризм институтында Қазақстан Республикасының «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Заң жобасын әзірлеуге арналған сараптамалық кездесу өтті. Институт директоры Қанатбек Сафиновтың жетекшілігімен танымал мамандар елдің бірегей мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамытуға бағытталған Заң жобасының негізгі бағыттары және міндеттерін талқылады.
Талқылауға Қазақ ұлттық өнер университетінің ректорының міндетін атқарушы, профессор Раушан Нұртаза, ЮНЕСКО-да білім алған материалдық емес мәдени мұра саласының сарапшысы Сания Бажинеева, сондай-ақ, Ұлттық музейдің Мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Ардаби Мәулет қатысты. Сарапшылар қолданыстағы құқықтық базаны талдап, оны жетілдіру бойынша ұсыныстармен бөлісті.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов материалдық емес мұраны қорғауға арналған құқықтық негіз құрудың маңыздылығын атап өтіп, мұны ұлттық бірегейлікті нығайту және Қазақстанның халықаралық беделін арттырудағы стратегиялық міндет деп атады.
«Бай мәдени мұрамызды сақтау және дамытуға арналған заң құру – болашақ ұрпақ алдындағы біздің парызымыз. Біз бұл құжатты Қазақстанның мүдделеріне де, халықаралық стандарттарға да сай болатындай етіп әзірлеудеміз», – деп атап өтті Қанатбек Сафинов.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау саласындағы құқықтық олқылықтарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді зерттеуді, мұраны білім беру бағдарламаларына интеграциялауды, мәдени бастамаларды қолдауды және халықаралық серіктестіктер құруды қамтитын жүйелі тәсілдің қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.