Басты бетАуыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың есімі арнайы тізімде жарияланады

Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың есімі арнайы тізімде жарияланады

Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың есімі арнайы тізімде жарияланады

Бүгінде Мәжілісте еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін мейлінше нәтижелі етуге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Сол түзетулердің ішіндегі ең басты жаңалықтардың бірі – пара беруге уәде ету не ұсынуды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі.

Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлық – тек жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты атышулы істер мен қызметтен босатулардан ғана тұрмайды. Шын мәнінде, бұл құбылыс біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің көптеген тұсын елеусіз түрде шарпып, «сұр» схемалар мен өкілетті теріс пайдаланудың өрістеуіне жол ашады.

Қазақстан мұндай дертпен күресті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қарқынды бастады. 1998 жылы еліміз посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылдады. Аталған құжат сыбайлас жемқорлықтың анықтамасын, бұл құқықбұзушылыққа қатысы бар субъектілер шеңберін, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес қағидаттары мен шараларын нақтылап белгіледі.

2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудағы негізгі нормативтік актіге айналды. Жаңа редакцияда заман талабына және халықаралық стандарттарға сай келетін бірқатар маңызды нормалар қамтылды.

Ескеретіні, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында жемқорлық әрекет жасаған азаматтарға өте қатаң жаза қолданылады. Кей жағдайларда оның ауырлығы адам өлтіру қылмысымен пара-пар болуы мүмкін. Жемқорлық қылмысқа барғандар мемлекеттік қызметте немесе квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет атқара алмайды, әрі оларға шартты түрде сотталу құқығы да берілмейді. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату заңда қарастырылмаған, сондықтан олар жазасын толық өтеуі тиіс. Тіпті, ауырлататын мән-жайлармен жасалған кісі өлтіру ісінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі болса да, жемқорлықта ондай жеңілдік жоқ. Оған қоса, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандарды татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкін емес, ал бұл санаттағы істер бойынша ескіру мерзімі ұзартылады.

Іс жүзінде жемқорлық үшін қатардағы қызметкерлерден бастап министрлер, облыс әкімдері және ұлттық компания басшыларына дейін жауапқа тартылады. Бұл аталған құбылыстың ауқымын ғана емес, сонымен бірге мемлекет ұстанымының ымырасыз екенін де көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бастамалар

Қазіргі Парламент отырысында сыбайлас жемқорлыққа себепші болатын барлық «тесіктерді» заңнамалық тұрғыда жауып, жүйені жетілдіруге бағытталған жаңа түзетулер талқыланып жатыр.

Солардың бірі – пара беруге уәде ету не ұсынуды қылмыстық жауапкершілікке енгізу. Бұл тұста параға қатысты кез келген келісімді «аяқталған қылмыс» деп тану көзделуде. Мұндай қадам 2008 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының талабына сай келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың пікірінше, мұндай шара «ақылы қызмет» басталмай тұрып құқықбұзушылықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бұл бап бойынша сот процестері жиі болмауы мүмкін, дегенмен заңда осындай норманың бар екені – қоғамды тәртіпке шақырып, пара жайлы әңгіменің өзіне тыйым салатын мәдениет қалыптастырады.

Тағы бір өзекті жаңалық – сыбайлас жемқорлық жасады деп сотталған адамдардың мәліметтерін ашық реестрге енгізу. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың есімі арнайы тізімде жарияланады. Тізімнен тек соттылықты жою немесе өтелу арқылы ғана шығуға болады.

Алайда заңдардың өзі мәселені толық шеше алмайды. Жемқорлық көбіне көлеңкелі экономика етек алған, сот пен мемлекеттік басқару ашық болмаған, қоғамдық бақылау мен азаматтық қоғам институттары әлсіз жерлерде орын алады.

Демек, заңнамалық түзетулерге қоса кешенді басқарушылық және әлеуметтік-экономикалық реформалар қажет. Мемлекеттік басқаруды жаңғырту – ашық бюджеттер, децентрализация және бюрократияны қысқарту жемқорлықтың тамырын басады. Сот және құқық қорғау органдарының тәуелсіздігін күшейту де аса маңызды: «телефонмен шешу» немесе туыстық қарым-қатынас арқылы ықпал ету жемқорларды әділ жазаға тартуға кедергі болмауы тиіс.

Сонымен қатар халық арасында жемқорлыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру – басты талаптың бірі. Пара беру де, пара алу да қоғам алдында ұятты іс ретінде қабылдануы керек. Сарапшылар атап көрсеткендей, «жылдам әрі қатал жазалар» (тіпті өлім жазасын қайта енгізу сияқты) жүйені түбегейлі жаңартпайынша, ұзақмерзімді нәтиже бере алмайды. Оның орнына алдын алу, жазалау және тәрбиелік шараларды стратегиялы түрде ұштастырған әлдеқайда тиімді. Заңнамалық база бүгінде халықаралық талаптарға едәуір жақындады, ендігі мәселе – оның тиімді орындалуында және реформаларды қоғамның қолдауында.

Адалдық жемқорлықтан тиімдірек болғанда ғана, соңғысына түпкілікті соққы беруге жол ашылады…

Алмагүл ХАСЕНОВА, Парламентаризм институты Сот жүйесі мен құқық қорғау органдары орталығының бас маманы