Басты бетНаталья Пан: «Парламенттік реформадан тыс азаматтардан бір жарым мыңнан астам ұсыныс түсті»

Наталья Пан: «Парламенттік реформадан тыс азаматтардан бір жарым мыңнан астам ұсыныс түсті»

Наталья Пан: «Парламенттік реформадан тыс азаматтардан бір жарым мыңнан астам ұсыныс түсті» Наталья Пан: «Парламенттік реформадан тыс азаматтардан бір жарым мыңнан астам ұсыныс түсті» Наталья Пан: «Парламенттік реформадан тыс азаматтардан бір жарым мыңнан астам ұсыныс түсті»

Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің төрағалығымен Парламенттік реформа мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының төртінші отырысы өтті. Бұл жиын еліміздің заң шығару билігі жүйесін жаңғыртуға бағытталған алдағы өзгерістерді талқылауда маңызды кезең болды.

Отырыс барысында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен, Парламенттің заң шығару қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар туралы баяндама жасады.

Наталья Панның айтуынша, Жұмыс тобының атына жолданып жатқан бастамалар тек парламенттік реформамен шектелмей, мемлекеттік басқарудың анағұрлым кең ауқымды мәселелерін қамтиды.

«Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстардан бөлек, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер өзге де конституциялық өзгерістерді талап ететін бастамаларды ұсынуда. Атап айтқанда, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, адам құқықтарын қорғауды күшейту және өзге де маңызды бағыттарға қатысты ұсыныстар бар», — деді ол.

Парламентаризм институтының директоры мұндай ұсыныстардың саны парламенттік реформа аясында түскен ұсыныстардан едәуір көп екенін атап өтті.

«Бұл бастамалар парламенттік реформаға тікелей қатысты бес жүз ұсыныстан тыс түсті. Олардың жалпы саны бір жарым мыңнан асып отыр, яғни шамамен үш есе көп», — деп нақтылады Наталья Пан.

Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин реформаны кең ауқымда қоғамдық талқылау шамамен жарты жыл бойы жалғасып келе жатқанын еске салды. Ол парламенттік реформаның Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды саяси жаңғырудың құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

«Бұл жұмыс 2019–2021 жылдары іске асырылған саяси реформалардың төрт топтамасын және 2022 жылғы Конституциялық реформаны қамтитын жүйелі өзгерістердің қисынды жалғасы. Президенттің барлық бастамалары мемлекеттің институционалдық орнықтылығын нығайтуға және саяси жүйені қазіргі заман талаптарына бейімдеуге бағытталған», — деді Ерлан Карин.

Отырыс барысында болашақ Парламенттің өзге билік институттарымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ жаңа бірпалаталы заң шығару органының ықтимал атауы негізгі талқылау тақырыптары болды.

Кездесуге қатысушылар алдағы конституциялық өзгерістер заң шығару билігінің тиімділігін арттырумен қатар, мемлекеттік институттар арасындағы өзара ықпалдастықтың бүкіл жүйесін жаңартуға бағытталғанын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші келіп түскен барлық ұсыныстарды жинақтап, жүйелеуді тапсырды. Парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты тәсілдерді қалыптастыру шаруалары Жұмыс тобының келесі отырыстарында кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.