2026 жылғы 10 қарашада Астана қаласында Парламентаризм институтының алаңында медиацияны дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Талқылаудың негізгі тақырыбы – халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы медиацияның рөлі, превентивті дипломатия тетіктері, мемлекеттер арасындағы сенімді арттыру, сондай-ақ ядролық қарусыздану үдерісін ілгерілетуде делдалдық институтын пайдалану мүмкіндіктері болды.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова жүргізді. Дөңгелек үстелді ашқан ол бүгінде елімізде 2 мыңнан астам маманды біріктіретін 34 медиатор ұйымы тіркелгенін, сондай-ақ 300-ге жуық этномедиаторды қоса алғанда, 1900-ден астам қоғамдық медиатор жұмыс істейтінін атап өтті.
Сонымен қатар Гүлбара Сұлтанова Қазақстанның 2026 жылғы шілдеде Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға қосылғанына ерекше тоқталды.
«Бұл бізге озық әлемдік тәжірибелерді енгізуге, коммерциялық және трансшекаралық медиацияны дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Гүлбара Сұлтанова.
Бұдан кейін қатысушыларға ҚР Құрылтай депутаттары Шерзод Пулатов пен Бекжан Әлімқұлов құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараның негізгі бөлімін ашқан Парламентаризм институтының атқарушы директоры Шолпан Саймова Қазақстанның халықаралық диалогты дамытуда мол тәжірибесі бар екенін және халықаралық қақтығыстар тараптары арасында келіссөздер жүргізуге арналған алаң ретінде танылғанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан – халықаралық деңгейде мойындалған орта держава. Біздің ел секілді мемлекеттер жаһандық аренада елеулі ықпал етуге қажетті саяси ерік-жігер мен дипломатиялық шеберлікке ие», – деді Шолпан Саймова.
Қазақстанның делдалдық қызметіне мысал ретінде спикер Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, сондай-ақ 2024 жылы Алматы қаласында Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері арасында өткен келіссөздерді атады.
Спикердің айтуынша, медиацияны дамыту мен ядролық қарусыздануды ілгерілету Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Осы орайда сарапшы екі айтулы датаға назар аударды: «Медиация туралы» заңның қабылданғанына – 15 жыл, ал Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл.
«Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып ядролық сынақ полигонын жауып, көлемі жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартты. Бүгінде біз осы екі бағытты – медиация мен ядролық қарусыздануды өзара байланыстырып отырмыз», – деп атап өтті Парламентаризм институтының атқарушы директоры.
Медиацияның жаһандық қауіпсіздікке ықпал етуінің практикалық тетіктері туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының докторы, профессоры Жамаладен Ибрагимов баяндады. Оның пікірінше, медиация қақтығыстардың бастапқы кезеңінде олардың ушығуына жол бермеумен қатар, мемлекеттердің келіспеушіліктерді реттеуге деген көзқарасын өзгертуге де мүмкіндік береді.
«Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл тетік тараптарды қайшылықтарды тереңдетуге емес, ынтымақтастық жолдарын іздеуге және өзара тиімді шешімдер қабылдауға бағыттайды», – деді сарапшы.
Ж. Ибрагимов халықаралық медиацияны қолданудың бірнеше негізгі бағытын атап өтті. Олар: қарулы қақтығыстардың алдын алу, ядролық және стратегиялық тәуекелдерді төмендету, өзара тиімді келісімдерге қол жеткізу, сондай-ақ трансшекаралық сауда және инвестициялық дауларды реттеу. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық медиацияны дамытуға және сарапшылық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірледі.
Ұйымдастырушылар: ҚР Құрылтайының қызметін Шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің «Парламентаризм институты» ШЖҚ-дағы РМК, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті, «Халықаралық кәсіби медиаторлар мен заңгерлержің институты» РҚБ.