Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі норма шығару мәселелерін қайта қарауға бағытталған ережелеріне сәйкес, Парламентаризм институты а. ж. наурыз айында қабылданатын заңдар мен норма шығару қызметінің сапасына әсер ететін факторларды анықтау тұрғысынан қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізді. Оның барысында бірқатар олқылықтар мен коллизиялар анықталды.
Бүгінгі күні талдау нәтижелері бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) әзірленді.
Заң жобасы Парламент Мәжілісінің де, Сенатының да қарауына енгізілген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша олар реттейтін қоғамдық қатынастарға байланысты сараптама міндетті болатын норма ұсынылып отыр. Себебі, әдетте, заң жобасының үкіметтік нұсқасы айтарлықтай, концептуалды түрде өзгереіп, тиісінше, Мәжіліс депутаттары енгізген заң жобасының жаңа нормалары ғылыми сараптаманың зерттеу объектісінің шеңберінен шығып кетеді.
Заң жобасында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты (депутаттары) бастамашылық жасаған заң жобасына теріс қорытынды болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін түзетулерге тиісті есеп-қисаптары бар жазбаша негіздеме ұсынатыны туралы норма көзделген. Бұл норма Парламенттің рөлін күшейту мақсатында, сондай-ақ Үкіметтің Парламент депутаттарының түзетулеріне қорытындылар дайындауының сапасын арттыру мақсатында ұсынылды.
Сараптамалардың барлық түрлерін ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ сарапшыларды іріктеу қағидаларын бекіту бойынша ҚР Үкіметінің жаңа өкілеттігі ұсынылады.
Егер сараптама сапасыз және тиісті ережелер бұзыла отырып орындалған жағдайда Парламент депутаттарының сапалы сараптама беруді талап ету құқығы көзделген.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің қабылдануы covid-19 коронавирустық инфекциясының өршуіне және бүкіл әлемде шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің енгізілуіне сәйкес келді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының аумағына COVID-19 және басқа да инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуінен және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралуынан болатын қолайсыз салдарларды болдырмайтын немесе төмендететін құқықтық құралға қажеттілік туындады. Бұл ретте, мұндай жағдайларда қысқа мерзімде шешім қабылдау қажет, өйткені қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы оларды қабылдаудың жеделдігіне байланысты. Мұндай құрал Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің шешімі болды. Еліміздің барлық аумағында жалпыға міндетті сипатқа ие бола отырып, бұл қаулылар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ведомствосының актілері ретінде әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Заң жобасында бұл құқықтық олқылықты жою ұсынылады.
Жалпы Заң жобасы заң шығару бастамасы құқығы субъектілеріне тең жағдай жасауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті қызметінің тиімділігін күшейтуге және қабылданатын Қазақстан Республикасы заңдарының сапасын арттыруға бағытталған.