Басты бетДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАСЫНА Ұ...

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ҚАТЫСУШЫЛАР АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢ ЖОБАСЫНА ҰСЫНЫСТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

2021 жылғы 20 мамырда Парламент Мәжілісі Парламентаризм институтымен бірлесіп, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, ҮЕҰ өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Заң консультанттары палатасы және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Жоба атқарушылық іс жүргізуге қатысатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын нығайтуға және қорғауға, сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға және жұмысын регламенттеуге, сондай-ақ алименттік төлемдер тетігін жетілдіруге бағытталған.

Жобада атқарушылық іс жүргізу мәселелері жөніндегі заңнамалық актілердегі олқылықтарды, коллизиялар мен қайшылықтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою бойынша түзетулер көзделеді.

Nur Otan партиясының өкілдері атап өткендей, соңғы жылы сот шешімдерін орындамау мәселелері бойынша азаматтардан мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру қажеттілігін тағы да растайды.

Заң жобасын талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар сот орындаушыларымен ынтымақтастық тәжірибесімен және практикасымен бөлісіп, Қазақстан Республикасында атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру бойынша өз ойларын ұсынды.

Қатысушылардың пікірлерін талқылай отырып, депутаттар әзірлейтін заң жобасы аясында барлық ұсыныстарды жинақтау туралы шешім қабылданды.