2021 жылғы 23 маусымда Парламентаризм институтының директоры М. Махамбетов Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен мемлекет және қоғам қайраткері, академик С.З. Зимановтың 100 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Академик С.З. Зиманов – ғалым, педагог, мемлекет және қоғам қайраткері» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференцияға қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар бүкіл халық үшін рухани серпін беруі тиіс. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағытты қамтуға тиіс, олардың ішіндегі маңыздыларының бірі ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың мұрасын кеңінен таныту болады», - деп атап өтті.
Институт директоры ғылыми іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, қазақтың ғұлама ғалымы Салық Зимановтың еліміз егемендік алар тұста атқарған қызметіне, мемлекетіміздің құқықтық негізін қалыптастыруға және заң саласын дамытуға қосқан еңбектері жайлы сөз қозғады.
Конференцияға қатысушылар арасында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлектері, мемлекеттік органдардың басшылары, таяу және алыс шетелдердің ғылыми қоғамдастық өкілдері құттықтау сөзімен сөз сөйледі.