Басты бетКӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қалып келеді...Тіпті, «көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес» деп атап өтті.

Көлеңкелі экономиканың осындай ауқымында оны жария ету жалпы мемлекеттік міндет болып табылады. Өйткені, бұл отандық өндірістің өмірін қамтамасыз етудің қажетті факторына айналуда. Бұл ретте, бір жағынан, қоғамда нақты болып жатқан объективті экономикалық, саяси, әлеуметтік және басқа да процестерді, екінші жағынан, экономикалық саладағы институционалдық тетіктердің іс – қимылының бүкіл кешенін және құқық қорғау органдарының көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі қызметінің практикасын негізге алу қажет.

Парламентаризм институты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы шеңберінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған қылмыстық заңнама нормаларын қолдану практикасына талдау жүргізді.

Көлеңкелі айналымның құрамдас бөліктерінің бірі-салықтан жалтару үшін «бір күндік» фирмалармен мәмілелер жасау.

Тәжірибе көрсеткендей, бюджетке салық төлеуден жалтару үшін жалған шот-фактуралар қолданылады, оларды заңсыз кәсіпкерлік, ақша ұрлау, экономикалық контрабанда және шетелге шығару үшін де пайдалану орын алады.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша ҚК-нің 216-бабы бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың өсуі байқалады, мысалы, СДТБТ-де 2019 жылы - 285, 2020 жылы - 438 және 2021 жылы - 409 қылмыс тіркелген.

Талдау көлеңкелі экономикаға одан әрі қарсы іс-қимыл жасау, бизнес-орта үшін қолайлы жағдайлар жасау, елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықты төмендетуге, жалған кәсіпорындардың қызметін мемлекетке көп миллиардтық залал келтірілуін күтпей, олардың бастапқы сатысында жолын кесуге бағытталған шаралар жүйесін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар заңнамалық бастамаларды қабылдау қажет екенін көрсетті.

Осыған байланысты Парламентаризм институты:

1. Шот-фактураны жазып беруге байланысты іс-әрекетті жасау мақсатын нақтылау арқылы Қылмыстық Кодекстің 216-бабын түзету (азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруді алып тастау), залал шот-фактура жазып берілген АЕК мөлшеріндегі сома ретінде белгіленсін, сондай-ақ жаза залал сомасынан айыппұл еселігі түрінде айқындалсын деп ұсынады.

2. Қылмыстық кодексті:

- жалған тұлғаларға «бір күндік» фирмалар құру (бизнес субъектісін жалған тұлғаларға тіркеу);

- БСН алу үшін жалған тұлғаның құжаттарын ұсыну;

- БСН алу үшін жалған тұлғалардың құжаттарын алу немесе жеке деректерін алып заңсыз пайдалану;

- «бір күндік» фирмалар құру үшін сенімхат беру үшін жауапкершілікті көздейтін 215-1-баппен толықтыру ұсынылады.

3. Жалған шот-фактураларды іске асыру көлеңкелі экономика екенін назарға ала отырып, ҚК-нің 216-бабы бойынша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігін көздеу ұсынылады.

Аталған заңнамалық шаралар, біздің ойымызша, көлеңкелі экономиканың кәсіпкерлердің экономикалық қызметіне әсерін азайтуға, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға және елімізді инвесторлар үшін тартымды етуге мүмкіндік береді.