2021 жылғы 25 қарашада Парламент Мәжілісінде дөңгелек үстел өтті, оның барысында цифрлық активтер айналымы саласындағы өзекті проблемалар, ұлттық заңнаманы дамытудың негізгі бағыттары талқыланды, сондай-ақ депутаттар әзірлеп жатқан цифрлық активтер туралы бастамашылық заң жобалары және цифрлық активтер мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер қаралды.
Іс-шара мүдделі орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банктер, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Қазақтелеком» АҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Парламентаризм институтының қолдауымен өткізілді.
Іс-шараны кіріспе сөзбен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары П.О. Казанцев ашты.
Модератор ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Е.В. Смышляева сөз сөйледі.
Қаралатын мәселелер бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттары А.М. Жамалов, С.А. Симонов, Е.Қ. Өмірағали баяндама жасады.
***
Депутаттар бастамашылық еткен заң жобалары Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында үлкен деректер, блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары және т.б. сияқты тың технологиялық құбылыстарға заңнаманы бейімдеу қажеттілігі туралы берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Аталған заң жобаларын одан әрі талқылау және пысықтау олардың бастамашысы болған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының депутаттары басқаратын жұмыс тобының шеңберінде жоспарлануда.