2022 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Парламентаризм институты «Мемлекет кірісіне мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық процесте жеке меншік құқығын қорғау тетіктері» тақырыбына «дөңгелек үстел» өткізді, оның жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының өкілдері, Жоғарғы Сот судьялары, адвокаттық және ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің модераторы Парламентаризм Институтының директоры М. Махамбетов болды. Қаралып отырған тақырыпты талқылау аясында Парламентаризм институтының өкілі қылмыстық процесте мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеуге қатысты жеке меншік құқығын қорғау тетіктерінің өзекті және проблемалық мәселелерін көтерді.
Қылмыстық саясат тәуелсіздік алған кезден бастап ұдайы жетілдіріліп, жаңғыртылып келеді. Алайда, әлі де өзекті мәселелер бар, оларды шешу азаматтар үшін де, мемлекет үшін де маңызды. Қазіргі уақытта зардап шегушінің меншікке қарсы қылмыстар бойынша өзіне келтірілген мүліктік зиянды өтеу жөніндегі құқықтары мен мүдделері толық көлемде қорғалмаған.
Мысалы, көп жағдайда меншікке қарсы жасалған қылмыстар бойынша қылмыстық кодекс баптарының санкцияларында мүлікті тәркілеу бойынша императивтік нормалар көзделген. Егер ҚР ҚК 188-1-бабын (Мал ұрлау) қарайтын болсақ, онда қылмыстың ауырлығына және келтірілген залалдың көлеміне қарамастан, барлық бөліктер бойынша мүлкін міндетті түрде тәркілей отырып жаза көзделеді, бұл келтірілген залалды уақтылы өтеу үшін ешқандай мүмкіндік қалдырмайды.
ҚР ҚК 48-бабының 1-бөлігіне сәйкес мүлікті тәркілеу деп сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру түсініледі. Екі жағдайда да меншікке қарсы қылмыстар бойынша тәркіленуге жататын мүлік іс жүзінде жәбірленушінің меншігі болып табылады, алайда заңға сәйкес ол заңды иесіне қайтарылмайды, бірақ мемлекет меншігіне беріледі.
Мұндай жағдайларда сот төрелігін сапалы жүзеге асыру туралы айту мүмкін емес. Ия, сот актісі заңды болуы мүмкін, бірақ оны әділ деп атауға бола ма? Бұзылған адам құқықтары қалпына келтірілмейді, келтірілген залал өтелмейді. Нәтижесінде меншікке қарсы қылмыспен келтірілген зиянның көп бөлігі өтелмейді.
Осыған байланысты дөңгелек үстелде Парламентаризм институтының мамандары алдын-ала жүргізген талдау нәтижелеріне негізделген осы саладағы қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Осылайша, институт күдіктінің кінәсін мойындаған кезде сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде жәбірленушінің өтінішхаты бойынша прокурор бекіткен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша тыйым салынған мүлікпен (ҚПК-нің 161-бабы тәртібімен) залалды өтеу құқығын көздеу ұсынылады.
Сот ісін жүргізу шеңберінде соттың үкім шығару кезінде бірінші кезекте мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылданғанға дейін тыйым салынған мүлікпен залалды өтеу мәселелерін қарау міндетін көздеу ұсынылды.
Сондай-ақ, жәбірленушінің үкім шығарылғанға дейін залалды өтеу туралы өтініш беру құқығын қарастыру ұсынылады (үкім шығарылғанға дейін тәркілеу ұқсастығы бойынша, ҚПК-нің 71-тарауы).
Іс-шараға қатысушылар, соның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Арман Төлешұлы Қожахметов, Берік Сәлімжанұлы Дюсембинов, Астана медицина университеті директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР заң ғылымдары академиясының академигі, з.ғ. д., профессор Әбдірайым Бақытжан Жарылқасынұлы Парламентаризм институты жүргізген талдаудың маңызды рөлін атап өтіп, ұсынылған өзгерістердің өзектілігі мен қажеттілігіне тоқталды.
Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Олегович Вранчев, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы сот төрелігі Академиясының қылмыстық-құқықтық ғылыми-білім беру орталығының директоры, з.ғ.к. Ардақ Әлімханқызы Биебаева талқыланған мәселе бойынша сындарлы ұсыныстар енгізді, олар Институт мамандарымен қосымша зерделенетін болады.
Жалпы, аталған новеллаларды іске асыру заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға, азаматтардың меншік құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға кепілдік беруге, әлеуметтік игіліктерді қамтамасыз етуге және адамдардың, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.