2022 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Парламентаризм институты Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен бірлесіп әзірлеген алғашқы заң жобаларының бірі болып табылатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы сот орындаушыларының әрекеттеріне азаматтар мен ұйымдардың көптеген өтініштері мен шағымдары негізінде әзірленді. ҚР Жоғарғы Сотының ақпаратына сәйкес, соңғы 3 жылда сотқа берілген сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдардың саны 10 000-нан асты. Бұл депутаттар мен уәкілетті органның атына жіберілген шағымдарды есепке алмай отырғанда.
Осыған байланысты, Парламентаризм институты 2021 жылдың басында азаматтар тарапынан осындай жаппай наразылықтың туындау себептерін анықтау үшін келіп түскен барлық өтініштер мен шағымдарға талдау жүргізді.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша Парламентаризм институтының мамандары Парламент депутаттарымен бірлесіп, халықтың талаптары мен ұмтылыстарына жауап беретін жоғарыда аталған, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасын дайындады.
Талдау көрсеткендей, қолданыстағы тетік теориялық тұрғыдан азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған, бірақ осы тетіктің құқық қолдану практикасы көптеген сыбайлас жемқорлық және конституциялық емес нормалардың болуын растайды. Заңның 3-бабына сәйкес атқарушылық іс жүргізудің негізгі қағидаттарының бірі атқарушылық әрекеттерді жасаудың және мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылығы мен ашықтығы болып табылатынын атап өткен жөн. Алайда, іс жүзінде бұл принцип әрдайым сақталмайды.
Мысалы, заңда атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайларда сот орындаушысының барлық алдыңғы сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою жөніндегі міндеті жоқ.
Бұл қарызды толығымен төлеген борышкерді бұрын осы іс қозғалған әрбір сот орындаушысынан ол шығарған қаулының күшін жоюды сұрауға мәжбүр етеді.
Қарызды өтеген сәттен бастап тұлға борышкер болып табылмайтындықтан, оның мүлкіне қатысты шектеу шараларының болуы оның заңды түрде сатып алынған мүлікке конституциялық құқықтарын бұзады және адам оған билік ету мүмкіндігінен заңсыз айырылады. Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын болдырмау мақсатында сот орындаушысының мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы, оның ішінде алдыңғы орындаушылар шығарған барлық қаулылардың күшін дереу жою міндетін енгізу қажет. Сот орындаушысының мұндай міндеттемесінің болмауы сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай жасайды.
Заңда атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулыны қоса бере отырып, сот орындаушысының борышкерге хабарлама жіберуінің нақты тәртібі жоқ. Іс жүзінде борышкерлер оған немесе оның мүлкіне қатысты шаралар (шоттарға немесе мүлікке тыйым салу, шығуға тыйым салу және т. б.) осы құқықтарды қолдану қажеттілігі туындаған кезде ғана, мысалы, ұшып шығу алдында, мүлікті сату кезінде және т. б. қолданылғанын біледі.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін атқару құжатының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге хабарлама жіберу міндетін көздеу қажет.
Осылайша, заң жобасында атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған кезде барлық алдыңғы сот орындаушыларының қаулыларын жою сияқты проблемаларды, атқарушылық іс жүргізуді қозғау алдында борышкерде берешектің бар-жоғын тексеру, атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге хабарлама жіберу, борышкерді атқарушылық іс жүргізу жасалған жерге және сот орындаушысының жеке өзіне шақыруын алып тастай отырып, борышкердің жеке қатысуын талап ететін жағдайларда ғана шақыру, сондай-ақ атқаршылық өндіріспен байланысты басқа да мәселелерді шешу ұсынылады.
Осы Заң жобасының қабылдануымен атқарушылық іс жүргізу саласындағы қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен коллизиялар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық жасау үшін жағдай жасайтын нормалар алынып тасталады, бұл осы салада туындайтын проблемаларды жоюға және халықтың алдында мемлекеттің имиджін арттыруға мүмкіндік береді.