Басты бетҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ТӨРЕЛІГІ, АЗАПТАУЛАР МЕН ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ҚАРАУ ЖАЗАЛАРЫН ОРЫНДАУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АЛДЫН А...

ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ТӨРЕЛІГІ, АЗАПТАУЛАР МЕН ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ҚАРАУ ЖАЗАЛАРЫН ОРЫНДАУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ САЛАСЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖАРИЯ ТЫҢДАУЛАР

2022 жылғы 15 ақпанда Парламентаризм институтының өкілдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобы әзірлеген «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және оның алдын алу, азаптау және қатыгез қарым-қатынас саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын (бұдан әрі – азаптау туралы заң жобасы) талқылау бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған жария тыңдауларға қатысты.

Талқылау аясында Парламентаризм институтының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама, қылмыстық-атқарушылық заңнама, заң көмегі туралы заңнама бөлімінің бастығы Б.Бейісов Қазақстан қылмыстық процеске тартылған азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

Мәселен, қолданыстағы Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінде қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендетуге және азаптауды қолдануға жол бермеуге ықпал ететін нормалар бар. Бұл прокурордың сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен бастап 24 сағат ішінде оның заңдылығын тексеру міндеті; және ұсталған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне қарамастан, жүріп-тұру еркіндігін қоса алғанда, бостандығын нақты шектеу сәтінен бастап адамды ұсталған деп тану; және де азаматтарды қызметтік кабинеттерде (прокурорлар кезекшілікті жүзеге асырмайтын сотқа дейінгі тергеу органдарының ғимараттары мен үй-жайларында) ұстауды тексере отырып, прокурордың, оның ішінде УҰИ-ға, арнайы қабылдау орындарда қамауға алынған адамдарды ұстауының заңдылығын күнделікті міндетті тексеруі.

Сондай-ақ, құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық процесті жаңғырту шеңберінде қолданыстағы заңнамада мыналар көзделген:

- прокурордың азаптаулар туралы қылмыстық істерді тергеу құқығы;

- азаптаулар туралы әрбір жүгіну фактісінен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді дереу бастау (зардап шеккен адамдар өз құқықтарын қорғау үшін көбірек өтініш жасай бастады);

- ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін, ал кәмелетке толмағандарға қатысты 24 сағатқа дейін қысқарту;

- экономикалық қылмыстар бойынша күзетпен ұстауға тыйым салуды белгілеу;

- тергеу әрекеттерін санкциялау мәселелерін сотқа беру;

- адвокаттың құқықтарын, оның ішінде нақты деректерді жинау құқықтарын кеңейту;

- шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға (ҚК 65-бабы), татуласуына байланысты босатуға (ҚК 68-бабы) және рақымшылық жасауға (ҚК 78-бабы) тыйым салу.

Бұдан басқа, қылмыстық істі талқылау нәтижесіне қарамастан, жәбірленушілерге азаптаудан келтірілген зиянды өтеу мүмкіндігі көзделген.

Мәселен, «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес өтемақы ҚР Қылмыстық кодексінің «Азапталар» 146-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша тағайындалады. Азаптаудан жәбірленгендерге өтемақы 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде көзделеді және адамды жәбірленуші деп таныған кезден бастап төленеді.

Бұл нормалар азаптауды қолдану фактілерін нақты азайтуға мүмкіндік береді.

Алайда, іс жүзінде олар жалғасуда. Парламентаризм институты өкілдерінің пікірінше, оның негізгі себебі заңнамадағы олқылықтар емес, ол –тиімді прокурорлық қадағалаудың жеткіліксіздігі. Қылмыстық сот ісін жүргізудің қолданыстағы моделі шеңберінде прокурор іс жүзінде заңдылықты жоғары қадағалау жөніндегі өзінің конституциялық функцияларын орындамайтын жазалаушы органға айналды (Конституцияның 83-бабы). Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде прокурор азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермей, тек қадағалау функцияларын ғана орындауға (бұл прокурордың қызметін бағалаудың өлшемі болуға тиіс), ал айыпталушы сотқа берілген кезден бастап мемлекет атынан қылмыстық қудалауды (мемлекеттік айыптауды) бастауға тиіс, осылайша прокуратура органдарының конституциялық функцияларын толық көлемде іске асырады.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын (2021 жылғы 15 қазандағы ҚР Президентінің Жарлығы) іске асыру шеңберінде Парламентаризм институты азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін барынша қамтамасыз ету, сондай-ақ айыптау бағытын болдырмау, қылмыстық іс үшін маңызы бар нақты деректерді жинауда қорғау тарапының өкілеттіктерін кеңейту және күшейту жолымен тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатын дамытуға бағытталған тиісті түзетулерді ұсынады.