2023 жылғы 20 қараша ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты, «Атамекен»ҰКП және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсіміне ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов қатысты.
Меморандумға қол қоюдың мақсаты – отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және бизнесті қорғау үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды іске асырып, белсенді ынтымақтастықты қамтамасыз ету.
Тараптар кәсіпкерлікті дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету және бизнес мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жүйелі өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы уағдаласты.
Меморандум қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, кәсіпкерлікті дамыту және қорғау мәселелері бойынша кездесулер мен консультациялар өткізу, бизнестің дамуына және бизнес-ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, оларды шешу жөнінде кешенді шаралар ұсыну сияқты ынтымақтастық форматтарын көздейді.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов өз сөзінде, институттың миссиясы Парламент депутаттарына заңнамалық бастаманы іске асыруға, заң шығару процесін жетілдіруге және заңдар жазудағы кәсіби деңгейді арттыруға қолдау екенін атап өтті.
Парламентаризм институты, "Атамекен" ҰКП және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл басшылықтары кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне қатысты ақпаратпен, оның ішінде талдамалық және анықтамалық материалдармен алмасуға келісті. Меморандумды іске асыру бойынша нақты қадамдар жол картасында бекітілетін болады.