Бүгін Адвокаттық қызмет пен заңгерлік көмек туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, адвокаттық және заң қоғамдастығының өкілдері, қазақстандық және шетелдік сарапшылар мен ғалымдар дөңгелек үстелде талқылады.
Іс-шараны ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты мен ҚР Президенттік орталығы ұйымдастырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында «Күшті және тәуелсіз адвокатурасыз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес» деп атап өтті.
Депутаттардың бастамасымен іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері жөніндегі заң жобасы қазіргі уақытта
Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Заң жобасының бастамашысы болған депутаттардың пікірінше, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар адвокаттар мен заң консультанттары қызметінің тәуелсіздігінің тиісті кепілдіктерін жасауға, азаматтарға жоғары сапалы заң көмегін көрсетуге, адвокаттардың іс жүргізу өкілеттіктерін кеңейтуге және адвокаттық тәжірибенің кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Дөңгелек үстелде келесі мәселелер талқыланды: адвокаттың процессуалдық өкілеттіктерін кеңейту; заңгерлік тәжірибеге кепілдік беріп, адвокаттың қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік туралы нормаларды қайта қарау; мемлекет кепілдік берген заң қызметін көрсету; кәсіпке «кіру» және өкілеттіктерін тоқтату; адвокаттық және заңгерлік көмекті ұйымдастырып, клиенттермен қарым-қатынас бағыттары, адвокатура қызметін ұйымдастыруды күшейту, тәртіптік жауапкершілік негіздері.
Дөңгелек үстелді ашқан ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов, аталған шара адвокаттық қызмет пен заңгерлік көмек туралы заңнаманы жетілдіру бойынша үлкен жұмыстың бастауы болатынына сенім білдірді.
Іс-шара жұмысына Сенат және Мәжіліс депутаттары Амангелді Толамисов, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек; ҚР Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева; Республикалық адвокаттар алқасының ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы Сергей Сизинцев; Қазақстанның заң консультанттары Республикалық алқасының төрағасы Серік Ақылбай қатысты. Отырысқа ТМД елдерден заңгер-әріптестер онлайн режимде қосылды: Әзірбайжан Республикасы адвокаттар алқасы президиумының төрағасы – Анар Багиров; Қырғыз Республикасы адвокаттар алқасы адвокаттар кеңесінің мүшесі – Айжан Кадырова; Тәжікстан Республикасы Заңгерлер Одағының төрағасы – Алишер Хайдаров және т.б.