Бүгін, 29 тамыз күні, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтында жаңа конференц-залдың салтанатты ашылуы өтті. Қызыл лентаны қию рәсімін Институттың директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов жүргізді. Іс-шараға директордың орынбасарлары Берік Бекжанов пен Ляззат Сүлеймен де қатысты.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жалпыхалықтық референдум арқылы жаңартылған Конституция тек ұлттық бірліктің символы ғана емес, сонымен қатар ауқымды реформаларды жүзеге асыруда қоғамды топтастыруға бағытталған күшті құрал болып табылады. Осы айтулы күні Парламентаризм институтында жаңа конференц-залдың салтанатты ашылуын жариялауға қуаныштымын. Бұл залда заңнама және заң жобаларын талқылау бойынша ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтетін болады. Біз сарапшылар қауымдастығын заң шығару үдерісіне белсенді қатысуға жағдай жасап жатырмыз, бұл қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға сөзсіз ықпал етеді», – деді Қанатбек Сафинов өз сөзінде.
Биыл Парламентаризм институты заң шығару тақырыптары бойынша 11 дөңгелек үстел ұйымдастырды. Мұндай дөңгелек үстелдер жаңа заң жобаларын талқылау үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн, өйткені әрбір қатысушы өз пікірін білдіруге мүмкіндік алады. Бұл іс-шараларда бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы талқылау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтарға заң жобаларының қай кезеңде тұрғанын бақылауға мүмкіндік береді.
Институт құрылғаннан бері Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен түрлі салалардың өкілдерінің қатысуымен 56 дөңгелек үстел өткізілді. Өткен сессияда Институт Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп 21 заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске келіп түскен 49 заң жобасына талдау жасап, оларды аналитикалық тұрғыдан қамтамасыз етті. Сонымен қатар, елдегі атқарушылық өндіріс саласын реттейтін заңнамалық актілерге түгендеу жүргізіліп, қолданыстағы заңнама бойынша 21 бағытта талдау жасалды.
Институт сондай-ақ Мәжілістің салалық комитеттеріне 53 сараптамалық қорытынды дайындап, оларды депутаттар жұмыс топтарында заң жобалары бойынша жұмыс барысында белсенді түрде пайдаланды.
Осылайша, Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстелдер заң шығару үдерісінің маңызды элементіне айналып, заң жобаларын әзірлеу мен қабылдаудың барлық кезеңдерінде қоғамдық және сараптамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуде