Қарағанды облысында еліміздің бес өңірінен келген мәслихат депутаттарына арналған ауқымды оқыту тренингі өтті. Бұл шараны ҚР ПІБ жаныдағы Парламентаризм институты, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі және ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі бірлесе ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының мәслихаттармен өзара іс-қимыл бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жиынға Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының депутаттары қатысты. Тренинг барысында оларға заң шығару және құқық қолдану мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, тәжірибелерімен бөлісті.
Парламентаризм институты директорының орынбасары Ляззат Жанылысқызы Сүлеймен өз сөзінде заңнаманы жетілдіру бағытында жүйелі түрде жұмыс істеудің халықтың өмір сапасын арттырудағы басты шарттардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарды еске салып, қоғамдық бақылауды күшейту, адам саудасымен күрес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша қабылданған шаралардың маңыздылығын айрықша атап өтті. Сонымен қатар, балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату және білім беру мекемелері мен ойын алаңдарында балаларды қорғауға бағытталған нормалардың енгізілгенін де тілге тиек етті.
Іс-шара барысында Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов, Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Баталова, ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің өкілі Әсел Қаратаева және Сенат депутаты Серік Өтешов сөз алып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әлеуетін арттыру мақсатында осындай тренингтердің жүйелі түрде өтуінің маңыздылығын атап өтті.
Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Баталова мәслихаттардың қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету туралы баяндама жасап, жергілікті органдардың заңнамалық базаға негізделген жұмыс істеуінің маңызын түсіндірді. Парламентаризм институтының сарапшысы Меруерт Қабылбаева депутаттардың Парламентпен тығыз байланысын күшейту қажеттігін, мәслихаттардың жергілікті мәселелерді шешудегі рөлін атап өтті.
«Азаматтар ең алдымен мәслихат депутаттарына жүгінеді, және сіздер арқылы олардың билік органдарымен алғашқы байланысы жүзеге асады. Сенатпен бірлескен жұмыс заңдардың орындалуын қадағалауға және туындайтын проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік береді», – деді Қабылбаева.
Сарапшы, сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай жүйесін құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл жүйе арқылы тұрғындардың қажеттіліктерін анықтауға және соларға сай шаралар қабылдауға болатынын атап өтті. «Мұндай жүйе мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың билікке деген сенімін арттырады және олардың мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Парламентаризм институтының сарапшысы Жанибек Саттыбаев өз баяндамасында жер ресурстарын басқару мәселелерін жан-жақты талдады. Ол, әсіресе, ауылдық елді мекендердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы, бір жер учаскесіне бірнеше құқықтың қабаттасуынан туындайтын проблемалар, сондай-ақ, су айдындары маңындағы жерлерді пайдалануда қатаң бақылау қажеттілігіне назар аударды. Сарапшының айтуынша, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерін қайта бөлу және жер ресурстарын тиімді басқару үшін мәслихат депутаттары мен атқарушы органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселесін сарапшы Алмагүл Хасенова көтеріп, жергілікті бюджеттер мен бағдарламаларды бақылауда ұстаудың маңыздылығына тоқталды. Ол Transparency International ұйымының мәліметтерін келтіре отырып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 97-орынға ие болғанын айтты. Дегенмен, 100 ұпайдың 39-ын жинау әлі де болса қосымша шараларды талап ететінін көрсетті.
Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының сарапшысы Ш.С. Оңғарұлы құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін құқық қорғау органдарымен тиімді байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейту және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту құқықтық тәртіпті нығайтуға және қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Іс-шара соңында қатысушылар мұндай оқыту бағдарламаларын тұрақты түрде өткізіп тұрудың қажеттілігін атап, депутаттардың біліктілігін арттыру мен атқарушы органдармен өзара іс-қимылды нығайту азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын баса айтты.