11 қазанда ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтында медиацияны дамыту Концепциясын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Парламентаризм институты мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел барысында 2025-2030 жылдарға арналған соттан тыс медиация институтын дамыту Концепциясының негізгі бағыттары талқыланды. Құжатта медиацияның ағымдағы жағдайы сарапталып, халықаралық тәжірибе зерттелген, сондай-ақ болашақта жүзеге асырылуы тиіс шаралар мен күтілетін нәтижелер көрсетілген. Концепцияны әзірлеушілер медиацияның 13 жылдық тарихына қарамастан, "Медиация туралы" заңға елеулі өзгерістер енгізілмегенін және осы салада түбегейлі реформалар қажет екенін атап өтті. 2022 жылы енгізілген өзгерістер тек қолданыстағы тәжірибені заңдастырды, бірақ жүйенің өзін түбегейлі өзгертпеді. Қазіргі таңда Қазақстанда медиация саласы терең әрі ауқымды реформаларды қажет етіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында медиация институтын дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов өз сөзінде медиацияның жүйелі дамуына құқықтық қолдаудың маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, кейбір заңнамалық өзгерістер процестік кодекстерге енгізілгенімен, әлі де пысықтауды қажет ететін нормалар көп. Сондай-ақ, интеграцияланған медиацияның кейбір аспектілері шешімін таппай отыр. Қазіргі заманғы үрдістер мемлекеттердің мемлекеттік патернализмнен алшақтап, дауларды шешудің бейбіт жолдарын таңдауға мүмкіндік беретін татуластыру рәсімдерін енгізіп жатқанын көрсетеді. 2025-2030 жылдарға арналған жаңа Концепция құқықтық дауларды шешудің тиімді тетіктерін құруға бағытталған, әрі оған заңгерлік қауымдастықтың, соның ішінде Парламентаризм институтының белсенді қатысуы жоспарланып отыр. Институттың басты мақсаты – қабылданатын заңнамалардың сапасын арттыру.
Іс-шараға Сенат депутаты М.Б. .Қадырбек , Мәжіліс депутаты Н.Г. Дементьева ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі А.А. Құрманова, сондай-ақ Парламентаризм институтының директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен қатысты. Халықаралық сарапшы ретінде халықаралық медиация институтының (IMI) сертификатталған медиаторы, адвокат және баламалы дауларды шешу саласындағы сарапшы А.Сергеева сөз сөйледі. Ол медиацияның әкімшілік процестерде қолдану мүмкіндіктері жайлы баяндады. Сонымен қатар, дөңгелек үстел жұмысына кәсіби медиаторлар, адвокаттар, нотариустар және заңгерлер қатысты.
Талқылау барысында отандық сарапшылар отбасылық медиацияның өзекті мәселелерін, сондай-ақ қылмыстық процестердегі медиацияның рөлін қозғады. Астана қаласындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Л.С. Зинашева және адвокат Б.А. Раисова өз пікірлерін білдірді.
Сарапшылар Концепцияны қолдап, оның Қазақстандағы медиация институтының дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Олар медиацияның дамуы қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендетіп, сот органдарының жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретініне сенімді. Сонымен қатар, бұл әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.