2025 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Аграрлық мәселелер комитетінің «АӨК-ті қаржыландыру жүйесін жетілдіру және фермерлерге кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыру» тақырыбы бойынша кезекті отырысы өтті. Шараға Парламент пен мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ өкілдері, сонымен қатар сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Отырыс барысында агроөнеркәсіп кешенін қайта қаржыландыру мен саланы сауықтыру мәселелері талқыланып, аграршылардың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі рөлін атап өтуге ерекше назар аударылды. Парламентаризм институты атынан Аграрлық мәселелер, экология және табиғат қорғау заңнамасы орталығының жетекшісі Маржан Жиенбаева қатысып, саланың дамуын қолдауға бағытталған ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстарды жинақтап, Үкіметке жолдау жоспарланып отыр. Бұл шара агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың тиімді тетіктерін жетілдіруге және фермерлерге қолжетімді кредит ресурстарын ұсынуға ықпал етуге бағытталған.