Қазіргі заманғы технологиялар, әсіресе жасанды интеллект (ЖИ), мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті 2024 жылдың 11 желтоқсанында берген тапсырмаларына сәйкес, заңнамалық процестерді тиімді ету және заманауи цифрлық экожүйе құру мақсатында ЖИ технологияларын енгізуге айрықша назар аударылуда.
2024 жылдың 12 наурызында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша, парламент қызметін жетілдіруде ЖИ әлеуетін зерттеу – негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды.
Парламент қызметінің жаңа мүмкіндіктері
Парламенттің қызметі сан қырлы және заңнамалық, өкілдік, бақылау мен әкімшілік бағыттарды қамтитын кешенді міндеттерден тұрады. Халықаралық тәжірибе жасанды интеллект технологияларының осы салалардың әрқайсысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Мұндай құралдар Парламенттің өз функцияларын тиімді орындауына және қоғаммен өзара байланысты нығайтуға жол ашады.
Қазақстанда жасанды интеллектті қолдану
Елімізде Парламент, орталық мемлекеттік органдар мен басқа да құрылымдар заңнамалық процестерді автоматтандыру мен оңтайландыруға бағытталған ЖИ құралдарын әзірлеуде. Мысалы, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі стартаптар мен ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша жедел кеңес беру үшін чат-боттарды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында талап арыздар, сот шешімдері және басқа да заң құжаттарын дайындауды жеңілдететін ЖИ құралдарын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде. Мұндай технологиялар судьяларға, заңгерлерге, адвокаттарға және қарапайым азаматтарға айтарлықтай көмек көрсетеді.
«Республика» партиясы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығымен бірлесіп, депутаттардың жұмысын қолдауға бағытталған «Депутат көмекшісі» құралын әзірлеуде. Бұл – Қазақстанда ЖИ құралдарын заңнамалық процестерге енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстың бір ғана мысалы.
Халықаралық тәжірибе
Әлемнің көптеген елдері жасанды интеллекттің заң шығармашылығындағы әлеуетін тиімді түрде қолдануда. Мысалы, Грекияда ЖИ мен цифрлық технологиялар заңнамалық процестерді ашық, инклюзивті және барынша тиімді ету үшін енгізілуде. №4622/2019 заңына негізделген интеграциялық платформалар мемлекеттік басқару жүйесін орталықтандырып, процестердің бірізділігін қамтамасыз етті.
Еуропалық комиссия әзірлеген LEOS (Legislation Editing Open Software) бағдарламалық шешімі заң құжаттарын стандартталған шаблондар арқылы әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе көптілділікті қолдай отырып, құжаттардағы қателіктерді болдырмауға және жұмыс тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе құқықтық деректерді талдау және автоматтандыру үшін ЖИ құралдарын қолдану заңнаманың сапасын арттырып, қайшылықтар мен олқылықтарды анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Бұл құралдар заңнамадағы өзгерістерге жедел әрекет етуге жағдай жасайды.
Қазақстанның болашағы мен мүмкіндіктері
Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды заң шығару қызметіне енгізу арқылы аймақтағы көшбасшы елге айналу әлеуетіне ие. Алайда бұл мақсатқа жетудің жолы тек қана технологиялық өзгерістермен шектелмейді. Азаматтардың белсенді қатысуы, мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық құзыреттілігін арттыру және енгізілген шешімдердің тиімділігін тұрақты түрде бағалау маңызды рөл атқаратындығы айқын.
Жасанды интеллект заңнамалық процестердің сапасын түбегейлі өзгерте алады. Қазақстан, цифрлық дәуірдің жаңа белесіне қадам баса отырып, заманауи және қоғам қажеттіліктеріне сай тиімді парламенттік жүйені қалыптастыруда алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі болуға қабілетті.
ҚР ПІБ жанындағы МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ-дағы РМК, Жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының жетекшісі, PhD Саймова Шолпан Алтынбекқызы