Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымындағы Жұмыс жоспарының 5-тармағын орындау мақсатында, Жеке құқық орталығымен бірлесіп және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) фракциясының қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шартты жер үлестері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.
Заң жобасымен шартты жер үлестері есебінен қалыптастырылған жер учаскелерін кепілге салу тәртібін белгілеу ұсынылады. Бұл тәртіпке сәйкес, мұндай учаскелерді кепілге салу тек барлық қатысушылардың келісімімен ғана жүзеге асырылады. Осылайша, жалпы жиналыстың келісімінсіз кепілге салу мүмкіндігіне шектеу қойылады.
Сондай-ақ, жарғылық капиталды үш жыл сайын міндетті түрде қайта бағалау енгізу ұсынылады. Мұның өзі активтердің, соның ішінде жер учаскелерінің құнын уақтылы түзетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) жалпы жиналысын шақыратын органға немесе тұлғаларға қосымша міндеттер жүктеледі. Атап айтқанда, егер ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталға берілген шартты жер үлесі бойынша жер учаскесін натуралы түрде бөлу жөніндегі өтінішті күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдаса, өтініш келіп түскен күннен бастап бір айдан кешікпей жалпы жиналысты ұйымдастыруы қажет.
Шартты жер үлестері дегеніміз не?
Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру және бұрынғы колхоздарды, совхоздарды қайта ұйымдастыру кезінде ауыл тұрғындары мен шаруаларға бұрынғы колхоздар мен совхоздардың ортақ жер массивінен белгілі бір шартты жер үлесін иелену құқығы берілді.
Шартты жер үлесі алғаш рет 1995 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы» Жарлығында аталып өтті. Жарлықта шартты жер үлесі – басқа тұлғалармен бірге жер учаскесіне құқықтар мен міндеттерге қатысатын сандық тұрғыда анықталған үлес екені жазылды. Бұл үлесті бөлу Жарлықта және өзге де заңнамалық актілерде көрсетілген жағдайлар мен шарттар бойынша жүзеге асырылады (Жарлықтың 1-бабының 3-тармақшасы).
Шартты жер үлесінің иелері мынадай құқықтарға ие болды:
1. Қайта ұйымдастырылатын ұйымдардың жерлері базасында құрылатын шаруашылық серіктестіктердің жарғылық қорына үлес ретінде немесе өндірістік кооперативтерге пай ретінде енгізу;
2. Шаруа (фермер) қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты өзге де кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру үшін шартты жер үлесіне сәйкес жер учаскесін алу;
3. Шартты жер үлесі құқығын сыйға тарту немесе сату;
4. Шартты жер үлесі құқығын жалға немесе кепілге беру.
Кейіннен 2001 жылғы 24 қаңтарда қабылданған «Жер туралы» Заңда да «шартты жер үлесі» ұғымы сақталды. Алайда бұл Заңда шартты жер үлесі иесінің оны жалға не кепілге беру құқығы нақты көрсетілмеді.
Ал 2003 жылғы 20 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес, шартты жер үлесінің иелері 2005 жылғы 1 қаңтарға дейін осы құқықты төмендегі әрекеттердің бірін жасау арқылы іске асыруға міндетті болды (Кодекстің 170-бабының 4-тармағы, 20.06.2003 ж. редакциясы):
1. Жер учаскесін жеке меншікке сатып алу;
2. Шаруа (фермер) қожалығын немесе тауарлық ауыл шаруашылығы өндірісін өз бетінше жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығын алу;
3. Қожалық серіктестіктің жарғылық капиталына, акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде енгізу.
Егер шартты жер үлесі иесі 2005 жылғы 1 қаңтарға дейін жер учаскесін алу құқығын іске асырмаса, ол шартты жер үлесінен айырылады және жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына беріледі.
Осылайша, Кодекстің өтпелі нормаларын жүзеге асыру нәтижесінде 2005 жылдан бастап бұрынғы шартты жер үлесінің иелері өз құқықтарын іске асыру тәсіліне байланысты жер учаскелерінің меншік иелері (жер пайдаланушылары) не шаруашылық субъектілерінің қатысушылары мәртебесіне ие болды.
Нәтижесінде, 2005 жылы шартты жер үлесі институты тоқтатылды, ал 2011 жылғы 20 шілдедегі № 464-IV Қазақстан Республикасы Заңымен Кодекстің 170-бабында көзделген өтпелі норма күшін жойды.
Заң жобасынан күтілетін нәтижелер
1. Шартты жер үлестерінің иелерінің құқықтары нығаяды
Заң жобасы шартты жер үлесін иеленушілердің құқықтарын қорғауды арттыруға бағытталған.
2. ЖШС жарғылық капиталын тексеруді енгізу
Жарғылық капиталды уақтылы қайта бағалау активтердің, соның ішінде жер учаскелерінің құнын нақтылауға мүмкіндік береді.
3. Жалпы жиналысты шақыру міндетін регламенттеу
Егер жарғылық капиталға шартты жер үлесі ретінде берілген жер учаскесін натуралы түрде бөлу туралы өтініш түскен жағдайда, өтініш берілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей жалпы жиналысты ұйымдастыру міндеті қарастырылған.
Осы заң жобасы қабылданған жағдайда, шартты жер үлесі иелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы күшейіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудағы тәртіп реттеледі. Сондай-ақ, жарғылық капиталдың нақтыланған бағасы ЖШС қатысушыларына өзінің мүліктік құқықтарын дер кезінде қорғауға мүмкіндік береді.