





Парламентаризм институтында венчурлық қаржыландырудың құқықтық және экономикалық аспектілеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Сарапшылар мен сала өкілдері инвестиция тарту тетіктерін, салықтық ынталандыруларды және халықаралық серіктестікті арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сарапшылар Қазақстанда венчурлық нарықтың қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, бірқатар маңызды проблемалар бар екенін атап өтті. Ең өзекті мәселелердің қатарында нарықтың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін кешенді құқықтық тетіктердің жоқтығы айтылды.
Спикерлер венчурлық инвестицияларды дамыту үшін заңнаманы жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанда венчурлық инвестицияларға сұраныс жоғары, бірақ ұзақ мерзімді капиталды ынталандыру үшін құқықтық және қаржылық жағдайды жақсарту қажет», – деді Qazaqstan Investment Corporation өкілі Жолат Ерболат.
«Біздің басты міндетіміз – стартаптардың барлық даму кезеңдерінде инвесторлар үшін сенімді түрде қаражат салуға мүмкіндік беретін тұрақты құқықтық орта қалыптастыру», – деп атап өтті Astana Hub Ventures өкілі Назгүл Байтемірова.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі. Дайындалған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, оларды ұлттық заңнамаға енгізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.